Қауіп шын: УЕФА мүшелері ФИФА бастамасына жауап ретінде Әлем чемпионатын бойкоттауы мүмкін
УЕФА-ға мүше барлық 55 федерация, оның ішінде Қазақстан да бар, ФИФА президенті Джанни Инфантиноның жоспарларына байланысты Әлем чемпионатын бойкоттауға дайын екендігін білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Журналист Бен Джейкобстың УЕФА-дағы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл шешім қауымдастықтың 30 шілдеде өткен шұғыл жиналысында бірауыздан қабылданған.
Жаңартылды: УЕФА баспасөз хабарламасында ФИФА бұл бастамадан толық бас тартып, мұндай ұсыныстардың алдағы уақытта енді ешқашан көтерілмейтіні жөнінде міндеттеме алғанға дейін ФИФА турнирлеріне бойкот жалғасатынын мәлімдеді.
«Бүгінгі талқылаудың қорытындысы бойынша, бұл ұсыныстар күшінде тұрған кезеңде УЕФА-ға мүше бірде-бір ұлттық құрама ФИФА жарыстарына қатыспайды. Бұл тек ұсыныстар толықтай кері қайтарылып, ФИФА ұйымды және оның турнирлерін басқару ешқашан жеке меншікке берілмейтініне заңды күші бар кепілдік берген жағдайда ғана өзгеруі мүмкін».
Еске салайық, мұндай қадамға ФИФА-ның Әлем чемпионатын басқару құқығының шамамен 20 пайызын жеке секторға беруді ұсынған бастамасы себеп болды. Әлемдік футболдың басты органы барлық мүше елдерді қаржылық бонуспен қызықтыруға тырысқан еді.
УЕФА бұған дейін де қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеген болатын, тіпті ФИФА тарапынан ультиматум қаупі төнсе де, мұндай жағдайдың алдын алуға ниетті екенін көрсеткен.
Осылайша, әлемдік футболдың басты ұйымы мен Еуропа конфедерациясы ашық қарсыластық кезеңіне өтті. Бұған дейін де ФИФА мен УЕФА арасында талай дау-дамай болғанымен, олар мұндай ашық бөлініске ұласқан емес еді.
2027 жыл да маңызды болмақ, себебі дәл сол кезде ФИФА президентін сайлау өтеді және УЕФА Инфантиноға қарсы үміткер әзірлеп жатыр.