Астанов пен Малыйдың голдары «Ордабасыға» «Тобылға» қарсы маңызды жеңіс әкелді
«Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының 20-турында өз алаңында «Тобылды» тізе бүктірді, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
Шымкенттік клуб бұл кездесуге басты қарсыласы «Қайраттан» сырт алаңда ұтылғаннан кейін (1:2) келген еді, сондықтан Андрей Мартин шәкірттері үшін бұл жеңіс ҚПЛ турнир кестесінің басына қайта шығу жолындағы аса маңызды қадам болды.
Команда өз алаңында қажетті нәтижеге қол жеткізді. 19-минутта алаң иелерінің алғашқы голын Эльхан Астанов соқты. Оған нәтижелі пас берген – Давид Абагна. Ал матчтың тағдырын 87-минутта Сергей Малый түбегейлі шешті – 2:0.
Бұл нәтиже Мартиннің командасына турнир кестесінде басты бәсекелесін бір ұпайға озып, бірінші орынға қайта оралуға мүмкіндік берді. Костанайлықтар болса, 20 ұпаймен 10-орында қалды.
Келесі турда «Ордабасы» сырт алаңда «Жетісумен» кездеседі. Ал «Тобыл» ЛК іріктеуіндегі «Партизанмен» сырт алаңдағы ойыннан кейін чемпионатта «Қайсарды» қабылдайды.
ҚПЛ. 20-тур
«Ордабасы» – «Тобыл» 2:0
Голдар: Астанов, 19, Малый, 87
Қызыл қағаз: Жагоров, 77 («Тобыл»)