«Жеңіс» жартылай қорғаушысы «Елімаймен» тең ойынның себебін атады
«Жеңіс» командасының жартылай қорғаушысы Лука Имнадзе Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан Премьер-лигасының 20-турындағы семейлік «Елімайға» қарсы өткен тең ойынға пікір білдірді.
Еске сала кетейік, Астанада өткен матчта есеп ашылмады — 0:0. Екі команда да қауіпті сәттер ұйымдастырды, бірақ қарсылас қақпасына жол таба алмады. 79-минутта «Елімай» ойыншысы Арсен Ашырбек алаңнан қуылып, командасы азшылықта қалды.
Имнадзе ұпай жоғалтудың басты себебі — сәттерді тиімді пайдалана алмау деп есептейді.
«Гол жетіспеді. Бізде көптеген мүмкіндік болды, бірақ есепті аша алмадық. Бұл бағытта жұмысты жалғастыру керек, көбірек гол соғуға тиіспіз. Кей сәттерде қарсылас қорғаушылары жақсы ойнады, бізге шешуші сәтте шеберлік жетіспеді», – деді грузиялық жартылай қорғаушы.
Осы кездесуден кейін «Жеңіс» 23 ұпай жинап, КPL турнир кестесінде сегізінші орында тұр. Ал «Елімай» 28 ұпаймен алтыншы орынға жайғасты.
Параллель өткен матчта «Астана» «Ұлытауды» 2:0 есебімен жеңді. Бұл жеңіске Марин Томасовтың дублі себеп болды.