«Астана» Forbes тізіміндегі жаңа инвестор алуы мүмкін
Елордалық «Астана» футбол клубы жаңа инвесторға ие болуы мүмкін. Журналист әрі инсайдер Ермұхамед Мәуленнің мәліметінше, клубтың басқару жүйесі белгілі қазақстандық кәсіпкер Бахтияр Оспановтың қолына өтуі ықтимал, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Астана» футбол клубының айналасында басқарудың жаңа кезеңі басталуы мүмкін.
Журналист және инсайдер Ермұхамед Мәуленнің хабарлауынша, елордалық клубтың әлеуетті жаңа инвесторы ауыл шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпкерлердің бірі – Бахтияр Оспанов болуы мүмкін.
Дереккөздің мәліметінше, бұл мәселе қазір клубта жүргізіліп жатқан аудит аяқталғаннан кейін шешілуі мүмкін.
Бахтияр Сұлтанбекұлы Оспанов – Қазақстандағы ірі кәсіпкерлердің бірі, тәжірибелі топ-менеджер.
2026 жылы ол алғаш рет Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің қатарына енді. Рейтингте кәсіпкер 75-орынға жайғасты.
Басылым оның байлығын шамамен 95 миллион АҚШ долларына бағалады.
Қазіргі уақытта «Астана» футбол клубында аудит жүргізіліп жатқаны белгілі.
Ақпарат көзіне сүйенсек, оның қорытындысы шыққаннан кейін клубты Бахтияр Оспановтың басқаруына беру туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Дәл осы тексеріс нәтижелері клубтың болашақ келіссөздері мен басқару құрылымындағы ықтимал өзгерістердің негізгі факторы болмақ.
Егер келіссөздер сәтті аяқталса, «Астана» тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басуы мүмкін.
Елордалық клуб Қазақстандағы ең титулды әрі танымал командалардың бірі болып қала береді, сондықтан басқарудағы кез келген өзгеріс жанкүйерлер мен футбол қауымдастығының ерекше назарында.
Жаңа инвестордың келуі клубтың даму стратегиясына, трансферлік саясатына, инфрақұрылымдық жобаларына және басқару моделіне әсер етуі әбден мүмкін.
Айта кетейік, «Астана» – ҚПЛ-дағы ірі клубтардың ішінде әлі жеке инвестор таппаған санаулы командалардың бірі және бұған дейін БАҚ-та жарияланғандай, көптеген ойыншылар мен бапкерлік штаб жалақысыз жұмыс істеп келеді.