Бабаян ҚПЛ-дегі «Астана» жеңісінен кейін ұйымдастыру мәселелеріне шағымданды
«Астана» павлодарлық «Ертісті» 18-тур аясындағы Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген матчында 1:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ойыннан кейін елордалық команданың бас жаттықтырушысы Григорий Бабаян матч қорытындысын шығарып, маусымның шешуші кезеңіндегі негізгі мәселелерді атады.
«Біздің орындауымыздағы жақсы матч болды, өте көп мүмкіндік жасадық. Гол соғу жағы ақсады. Қақпашымен жекпе-жекке шығатын талай сәт болды. 20-минутқа қарай бізде төрт мүмкіндік болды. Марин Томасовтың өзі үш гол соғуы керек еді, бұл – ең азы. Сондықтан бір жерде жолымыз болмады, бір жерде доп қақпаға кіруге қасарысып қойды, ал кейбір сәттерде қақпашы жақсы сейв жасады. Бірақ басымдық бізде болғанымен, есеп небәрі 1:0. Соңында қажетсіз қысымға тап болдық, ауыстырулар арқылы ойынды сәл тыныштандыруға және схеманы өзгертуге тура келді.
Өйткені ойындар қатарынан өтіп жатыр. Соңына қарай күшіміздің аздап жетіспегені түсінікті. Оның үстіне ұлттық құрамаларға байланысты ұзақ үзіліс болды. Сондықтан соңында шағын ротация жасадық: үш матч бірінен соң бірі өтіп жатыр, ал қазір уақытымыз көп емес. Үш күннен кейін келесі үй матчымыз бар, онда да оңай болмайды. Себебі маусымның соңы, барлығына ұпай қажет, бәрі барынша күш салып, өз міндеттерін шешуге тырысады.
Ең алдымен өз командамды құттықтағым келеді. Ойын барысына қарап, бүгін жеңіске лайық болдық деп ойлаймын, тіпті ірі есеппен жеңуіміз де мүмкін еді. Бірақ бүгінгі ең маңыздысы – бізге аса қажет үш ұпайды иелендік», – деп Бабаянның сөзін Sports.kz келтіреді.
Бүгінгі жеңіс елордалық клубқа 51 ұпай жинап, чемпионаттағы үшінші орын үшін күресте нығая түсуге мүмкіндік берді. Бабаян шәкірттері «Ақтөбе» мен «Оқжетпестен» 6 ұпайға ұзап кетті.