Бельгияда Канье Уэстің концертінен кейін Алматыдағы стадионның көгалын сынға алды
«Андерлехт» футболшылары Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Қайратқа» қарсы алғашқы матч алдында Алматыдағы Орталық стадионның көгалын бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұзақ сапардан кейін бельгиялық команда Алматыдағы алғашқы жаттығуын өткізді. Алаңның жағдайы қонақтардың бірден назарын аударған. Кей тұста шөп сарғайып, көгалдың бетінде тегіс емес жерлер байқалған.
Бельгиялық Standaard басылымы да алаңның жағдайына назар аударды.
«Андерлехт» ойыншылары Орталық стадионның алаңына шыққан кезде оның жағдайына таңғалды. Көгал айтарлықтай сарғайған, кей жерлерінде ойлы-қырлы тұстар бар. Қазіргі жағдайды футбол ойнауға мінсіз деп айту қиын», - деп жазды басылым.
«Андерлехттің» бас бапкері Витор Бруну командасының алаң жағдайын алдын ала сылтау етпейтінін атап өтті.
«Мен алаңның жағдайын ақталуға себеп еткім келмейді. Біз ықпал ете алмайтын дүниелер бар. Сондықтан оған шағымданудың еш мәні жоқ», - деді маман.
Көгалдың мұндай күйге түсуіне жақында өткен Канье Уэстің концерті де әсер етуі мүмкін. Америкалық рэпердің өнер көрсетуі кезінде Орталық стадионның алаңы арнайы қорғаныс төсемімен жабылып, аренаның ортасына сахналық құрылым орнатылған.

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин болса, жағдайды аса күрделі деп санамайды. Оның айтуынша, клуб маманы алаңды тексеріп, көгалдың кей жерлері сарғайғанымен, жалпы жағдайы қанағаттанарлық екенін жеткізген. Сондай-ақ шөпке жоғары температура мен аптап ыстықтың әсер еткені айтылды.
Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Қайрат» пен «Андерлехт» арасындағы алғашқы матч 20 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Қарымта кездесу 27 тамызда Брюссельде болады.