Алмат Бекбаев: Мықты қарсыластардан жасқанбай, батыл ойнау қажет
Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев Sports24.kz берген сұхбатында әлем чемпионаты-2026 іріктеуінің алғашқы екі турында ұлттық құраманың ойынына баға берді.
Ол командаға ойынға деген көзқарасын өзгерту қажет екенін атап өтті.
«Психологиялық дайындықты күшейту керек. Мықты қарсыластардан жасқанбай, батыл ойнау қажет. Команда допқа көбірек иелік етіп, прессинг жасап, шабуылда белсенді болуы тиіс. Тек қорғанысқа сүйенген ойын, Уэльспен кездесуде көргеніміздей, нәтиже бермейді», – деді Бекбаев.
Алмат Бекбаев кәсіби мансабында «Ордабасы», «Тобыл», «Ақтөбе», «Ертіс», «Жетісу», «Қызылжар» және «Мақтаарал» клубтарында өнер көрсетті. Ұлттық құрама сапында жалғыз матчқа шығып, 2012 жылдың 1 маусымында Қырғызстанға қарсы жолдастық кездесуде ойнаған.
Екі турдан кейін J тобында Солтүстік Македония мен Уэльс төрт ұпайдан жинап, көш бастап тұр. Қазақстан үш ұпаймен үшінші орынға жайғасты , ал Лихтенштейн әзірге ұпай ала алмады.