Сұлтанбек Астанов құраманың жеңісі мен команданың көңіл-күйін жоғары бағалады


«Ордабасы» клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Сұлтанбек Астанов Лихтенштейнге қарсы өткен матчтағы (2:0) жеңіс туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, команда алдына нақты мақсат қойылды: жеңіс пен жанкүйерлерге қуаныш сыйлау.
«Ең бастысы — жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуанту болды. Бапкердің қойған тапсырмасын орындадық: қарсыласқа жоғары прессинг жасап, қапталдан белсенді түрде шабуылға қосылу керек еді»,- деді ойыншы ҚФФ-ге берген сұқбатында.
Астанов сонымен қатар, алғашқы таймдағы екі гол ойын тағдырына қатты әсер еткенін айтты.
«Бірінші таймда соғылған екі гол көп нәрсені өзгертті деп ойлаймын. Одан кейін біз өзімізге сенімді ойнай бастадық, допты жақсы бақылап, матчты өз пайдамызға аяқтадық».
Екі турдан кейін Қазақстан құрамасы 3 ұпаймен J тобында үшінші орында келеді. Топ көшбасында 4 ұпаймен Солтүстік Македония мен Уэльс тұр. Әли Әлиевтің шәкірттері үшінші турда Солтүстік Македония құрамасымен кездеседі. Ойын 9-маусым күні Астанада өтеді.
