«Барыс» ҚХЛ аясындағы нәтижелі матчта «Адмиралға» есе жіберді
6 қараша, жұма күні астаналық «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында Владивостоктың «Адмиралына» қарсы сырт алаңда матч өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Михаил Кравец шәкірттері кездесуді белсенді бастап, тоғызыншы минутқа қарай екі шайбалық басымдыққа ие болды. Алдымен Әлихан Әсетов қарсыластың көк сызығында шайба үшін күресте жеңіске жетіп, Асанәлі Сәркеновке мүмкіндік жасады. Ол осы сәтті мүлт жібермей, ҚХЛ-дағы екінші голын соқты. Артынша Джейк Масси берген пастан кейін Логан Дэй қонақтардың басымдығын еселей түсті.
Алайда алғашқы үзіліске дейін алаң иелері бір шайбаның қарымтасын қайтарды. Либор Шулактың соққысынан кейін Данила Моисеев таяғын тосып, «Адмиралдың» есеп айырмасын қысқартты.
Екінші кезеңде Владивосток командасы бастаманы өз қолына алды. Даниэль Усманов есепті теңестіргенімен, артынша Әлихан Өмірбеков «Барысты» қайтадан алға шығарды. Дегенмен қонақтар басымдығын сақтай алмады. Константин Лучевников таразы басын теңестірсе, Борна Рендулич сан басымдығын сәтті пайдаланып, «теңізшілерді» шешуші кезең алдында алға шығарды.
Үшінші кезеңде Джастин Бэйли сан басымдығын пайдаланып, есепті 4:4-ке жеткізді. Осылайша, матчтағы интрига қайта жанданды. Алайда негізгі уақыттың аяқталуына 2 минут 3 секунд қалғанда Григорий Ващенко шешуші шайбаны соғып, «Адмиралға» жеңіс сыйлады.
«Барыс» келесі матчын 8 қарашада Хабаровскіде «Амурға» қарсы өткізеді.
«Адмирал» – «Барыс» – 5:4 (1:2, 3:1, 1:1)
0:1 – 05:59 – Сәркенов (Әсетов, Масси);
0:2 – 08:31 – Дэй (Масси);
1:2 – 11:05 – Моисеев (Шулак, Рендулич);
2:2 – 21:07 – Усманов (Муранов, Ващенко);
2:3 – 21:20 – Өмірбеков (Шестаков, Бритиков);
3:3 – 33:01 – Лучевников (Пименов, Цицюра);
4:3 – 39:13 – Рендулич (Завгородний, Пименов);
4:4 – 51:10 – Бэйли (Приски, Томпсон);
5:4 – 57:57 – Ващенко (Булавчук, Шулак).