Дамир Кояшевич «Қайратқа» ЛЧ матчында жеңісті оңай болжайды
Черногория ұлттық құрамасы мен «Астана» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Дамир Кояшевич Sports24.kz порталына берген эксклюзивті пікірінде қазақстандық «Қайрат» клубының УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі черногориялық «Сутьескаға» қарсы матчтардағы мүмкіндіктерін бағалады.
«Бұл ойында «Қайратқа» қиын болмайды, себебі қазақстандық клуб Черногория командасынан айтарлықтай басым. Иә, «Сутьеска» чемпионатты бірінші орынмен аяқтады, бірақ бұл тек Черногориядағы қалған командалардың одан да әлсіз болғанын көрсетеді. Менің ойымша, «Қайрат» еш қиындықсыз жеңіске жетеді», - деді Дамир Кояшевич.
Командалар арасындағы алғашқы матч Алматыда 7 немесе 8 шілдеде өтеді, ал қарымта кездесу Черногорияда 14 немесе 15 шілдеде болады.
Бұған дейін Sports24.kz алдағы қарсыластардың құрамдарының трансферлік құнын беделді Transfermarkt порталының деректеріне сүйене отырып талдаған болатын.
Дастансыз жалғасады
«Қайраттың» құрамы әлдеқайда қымбат екені анықталды. Алдағы ойындарда «Қайратқа» шабуылшы Дастан Сатпаев нақты көмектесе алмайды. Футболшы «Челси» клубымен келісімшартқа қол қойған соң, 26 маусымда-ақ Лондонға аттанып, мансабындағы жаңа кезеңін бастайды.
Дамир Кояшевич кім?
Дамир Кояшевич 2012-2014 жылдары «Астана» сапында ойнап, команданың көшбасшыларының бірі болды. Ол елордалық клуб үшін 77 матч өткізіп, 17 гол соқты. Команда құрамында ел чемпионы, күміс жүлдегер және Қазақстан Кубогының иегері атанды.
