Төрт жеңіс және Оралбайдың күтпеген жеңілісі: Қазақстан үшін Әлем кубогының екінші күні қалай өтті
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы жарыстың екінші күнін төрт жеңіс және екі жеңіліспен аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әйелдер арасындағы бәсекеде алғаш болып рингке қос дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай шықты. 54 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда қазақстандық боксшы оңтүстіккореялық Им Э Джиді 4:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Қазақстан қоржынына тағы бір жеңісті 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Лаура Есенгелді салды. Ол 1/8 финалда испаниялық Уния Мартинес Масты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) айқын басымдықпен ұтты.
Ерлер арасында Санатали Төлтаев (65 келіге дейін) сенімді жеңісімен көзге түсті. Әзербайжандық Малик Хасановқа қарсы өткен 1/16 финалдық жекпе-жек қарсыласының қабағы жарылып, екінші раундта тоқтатылды.
Ал Тимур Нұрсейітов (75 келіге дейін) 1/8 финалда ирландиялық Тадг О’Доннеллмен тартысты кездесу өткізіп, төрешілердің екіге бөлінген шешімімен (3:2) жеңіске жетті.
Дегенмен, жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз нәтижелер де болды. Тимур Қабдешов (55 келіге дейін) бразилиялық Келви Триндадудан жеңіліп, турнирмен 1/16 финал кезеңінде қоштасты.
Күннің ең күтпеген нәтижесі Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайдың жеңілісі болды. Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі ширек финалда өзбекстандық Турабек Хабибуллаевқа есе жіберіп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Айта кетейік, Гуйяндағы Әлем кубогының кезеңі Нұрбек Оралбай үшін 90 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы халықаралық турнир болып отыр. Бұған дейін қазақстандық боксшы 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Еске салсақ, Әлем кубогының алғашқы кезеңі Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен болатын. Ол жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алып, үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді.
Әлем кубогының екінші кезеңі 21 маусымға дейін жалғасады. Турнирге әлемнің 44 елінен 333-ке жуық боксшы қатысуда.