«Мұны сен сенбі күні көресің». Нұрсұлтанов WBC-нің уақытша чемпионымен көз арбасты
Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC-нің уақытша чемпионы, америкалық Хесус Рамос-младшиймен бетпе-бет кездесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында Нұрсұлтанов пен Рамос-младший арасындағы алдағы жекпе-жекке арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шара барысында америкалық боксшы қазақстандық қарсыласынан жеңіске қалай жетуді жоспарлап отырғанын сұрады. Нұрсұлтанов қысқа ғана жауап берді:
«Мұны сен сенбі күні көресің», - деп жауап берді Нұрсұлтанов.
Баспасөз конференциясынан кейін қарсыластар дәстүрлі көз арбасуын өткізіп, кездесуді аяқтады.
Нұрсұлтанов мансабындағы ең маңызды жекпе-жек пе?
Мейірім Нұрсұлтанов пен Хесус Рамос-младший арасындағы жекпе-жек 20 қыркүйекте Сан-Диегода өтеді. Жекпе-жектің тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 07:00-ден кейін басталып, DAZN платформасында қолжетімді болады.
Бұл кездесуде америкалық боксшы иеленіп отырған WBC-нің уақытша чемпионы атағы сарапқа салынады.
Нұрсұлтанов үшін бұл жекпе-жек үш жылға жуық уақыттан кейінгі алғашқы айқас болмақ. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылдың қараша айында рингке шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен чилилік Хулио Аламосты жеңген.
Нұрсұлтановтың кәсіпқой бокс алаңындағы еншісінде 20 жекпе-жекте 20 жеңіс бар. Ол мансабында жеңіліп көрген емес.
Алдағы жекпе-жектің жеңімпазы WBC-нің орта салмақтағы тұрақты чемпионы — доминикандық Карлос Адамеспен титулдық жекпе-жек өткізуге міндетті үміткер мәртебесін алады.