Головкин ресейлік боксты халықаралық аренаға қайтарды
Ресейлік барлық жас санатындағы боксшылар халықаралық жарыстарда ұлттық туы мен әнұраны астында қайта өнер көрсету құқығына ие болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей бокс федерациясының мәртебесін қалпына келтіру мәселесі 2026 жылдың қаңтарында Ташкентте өткен кездесуде World Boxing президенті, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен талқыланған.
«Қалыпты спорттық байланыстарды қалпына келтіру мәселесін біз World Boxing президенті, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен Ташкентте өткен кездесуде талқыладық. Бұл шешімнің маңызы зор, өйткені дәл осы World Boxing ұйымына Халықаралық олимпиада комитеті Олимпиада ойындарының бокс турнирін өткізу құқығын берген. Ресей бокс федерациясының ұйымға толыққанды мүше болуы ресейлік боксшыларға халықаралық күнтізбедегі жарыстарға, соның ішінде Олимпиада цикліне толық қатысуға мүмкіндік береді», – деп жазды Дегтярев.
Ресей бокс федерациясы ұйым құрамына енгеннен кейін ресейлік спортшылар халықаралық жарыстарға, оның ішінде Олимпиада циклі аясындағы турнирлерге толыққанды қатыса алады.
Айта кетейік, Геннадий Головкин 2025 жылдың қараша айынан бері World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарып келеді.