Қазақстан әлемдік боксты басқарады. Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing президенті атанды
Римде өткен World Boxing конгресі қазақстандық спорт тарихында айрықша орын алатын оқиғамен аяқталды. Геннадий Головкин халықаралық федерацияның президенті болып ресми сайланды - осылайша Қазақстан өкілі жаһандық деңгейдегі спорт ұйымын тұңғыш рет басқарып отыр.
Делегаттардың шешімі бірауыздан қабылданды: GGG жалғыз үміткер ретінде толық қолдауға ие болды.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы 2023 жылы бірқатар елдердің IBA қатарынан жаппай шығуынан кейін құрылған болатын. Жаңа құрылымның басты міндеті - олимпиадалық бокстағы тәртіпті, ашықтықты және сенімді қайта қалпына келтіру.
Головкин федерация жұмысына бұдан бұрын да араласып келген еді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап ол Олимпиадалық комиссияны басқарып, Халықаралық олимпиадалық комитетпен келіссөздер жүргізуге қатысып, болашақ олимпиадалық бокстың негізін қалау ісіне үлес қосты.
Енді GGG ұйымның бұрынғы басшысы, нидерландиялық Борис ван дер Ворсттың орнына келіп, федерацияны оның дамуындағы ең маңызды кезеңде басқару құқығына ие болды.