Соболенко Рыбакинадан жеңілгеннен кейінгі эмоциясын түсіндірді
Арина Соболенко US Open-2026 финалында Елена Рыбакинадан жеңілгеннен кейінгі әрекетіне түсініктеме берді. Шешуші кездесу барысында ол допты трибунаға қарай ұрып жіберсе, матч аяқталған соң ракеткасын бірнеше рет кортқа соғып, сындырып тастады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Баспасөз мәслихатында Соболенко мұндай эмоцияға US Open турнирін қатарынан үшінші рет жеңіп алу мүмкіндігін жіберіп алғаны да әсер еткенін мойындады.
«Үлкен дулыға» финалында жеңілгеннен кейін эмоцияны бірден бақылауға алу оңай емес. Оның үстіне қатарынан үшінші титул үшін күресіп жаттым. Сол сәтте ішімде жиналған ашу мен өкінішті сыртқа шығаруым керек болды. Егер бәрін ішімде сақтап қалсам, кейін тіпті қалыпты сөйлесе алмас едім», - деді Соболенко.

Сонымен қатар Беларусь өкілі жеңілісіне сылтау іздемей, Рыбакинаның сол күні мықтырақ болғанын мойындады. Елена шешуші сетте сабыр сақтап, ойынды өз бақылауына алып, кездесуді жеңіспен аяқтады.
Соболенко үшін бұл финал бірден бірнеше серияның аяқталуымен есте қалды. Ол US Open-ді 2024 және 2025 жылдары жеңіп, Нью-Йоркте 20 матч қатарынан жеңіліссіз келе жатқан. Үшінші титул Аринаға Серена Уильямс пен Крис Эверт секілді US Open-де үш жыл қатарынан жеңіске жеткен теннисшілердің қатарына қосылуға мүмкіндік берер еді.
Ал Рыбакина финалда 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, карьерасында алғаш рет US Open чемпионы атанды. Бұл Еленаның Уимблдон-2022 және Australian Open-2026 турнирлерінен кейінгі үшінші «Үлкен дулыға» титулы болды.