locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Рыбакина US Open-нен кейін тарихты қайта жазды: Елена қандай рекордтарға қол жеткізді

Нью-Йорктегі жеңіс қазақстандық теннисшіге үшінші «Үлкен дулыға» титулын, әлемдік рейтингтің бірінші орнын және бірден бірнеше тарихи жетістік әкелді
Рыбакина US Open-нен кейін тарихты қайта жазды: Елена қандай рекордтарға қол жеткізді
ФОТО: Getty images

US Open-2026 Елена Рыбакинаның карьерасындағы ең маңызды турнирлердің біріне айналды. Қазақстандық теннисші Нью-Йоркке әлемнің екінші ракеткасы ретінде келіп, жарысты чемпиондық кубокпен, WTA рейтингінің болашақ көшбасшысы мәртебесімен және бірнеше жаңа жетістікпен аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Финалда Рыбакина Арина Соболенконы үш сетте - 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл Еленаның US Open-дегі алғашқы және «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы болды. Алайда Нью-Йорктегі тарихи көрсеткіштер мұнымен шектелген жоқ.

Әлемнің бірінші ракеткасы

Рыбакина басты тарихи жетістіктерінің бірін US Open барысында-ақ қамтамасыз етті. Қазақстандық теннисші WTA рейтингінде бірінші орынға шығуға қажетті нәтижеге қол жеткізіп, рейтинг ресми жаңартылғаннан кейін карьерасында алғаш рет әлемдік теннистің көшін бастайды.

Елена жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген Қазақстанның алғашқы өкілі атанады. Бұған дейін Рыбакинаның карьерасындағы ең жоғары көрсеткіші үшінші орын болған.

Оның бұл шыңға дейінгі жолы да ерекше. 2018 жылы Қазақстан атынан өнер көрсете бастаған кезде Рыбакина әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне де кірмейтін. Сегіз жылдан кейін ол әлемнің бірінші ракеткасы атанғалы отыр.

US Open-дегі алғашқы титул

Осы маусымға дейін Нью-Йорк Рыбакина жеңбеген екі «Үлкен дулыға» турнирінің бірі еді.

2026 жылы бұл олқылықтың орны толды. Елена US Open финалына алғаш рет шығып, бірден чемпиондық атақты иеленді. Оның үстіне шешуші кездесуде турнирдің екі дүркін қазіргі чемпионы Соболенконы жеңді.

Енді Рыбакинаның қоржынында үш түрлі «Үлкен дулыға» бар: Карьералық «Үлкен дулығаны» толық жинау үшін оған енді тек «Ролан Гаррос» жетіспейді.

Бір маусымда екі хард «Үлкен дулығасы»

Рыбакинаның тағы бір сирек жетістігі 2026 жылғы екі турнирмен байланысты.

Қаңтарда Елена Australian Open чемпионы атанса, қыркүйекте US Open-де топ жарды. Осылайша ол бір маусымда хард төсенішінде өтетін екі «Үлкен дулыға» турнирін де жеңіп алды.

XXI ғасырда Рыбакинаға дейін мұндай нәтижеге тек Анжелика Кербер мен Арина Соболенко қол жеткізген. Елена бұл қатардағы үшінші теннисші атанды.

Тағы бір қызық дерек - 2026 жылғы екі хард «Үлкен дулығасының» финалында да Рыбакина бір қарсыласты жеңді. Australian Open-де де, US Open-де де оның жолын Соболенко бөгеген еді.

ФОТО: Getty images

Мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға»

2026 жылдың басында Рыбакинаның еншісінде бір ғана «Үлкен дулыға» - Уимблдон-2022 титулы болған.

Бір маусымның ішінде Елена бұл көрсеткішті үшке жеткізді. Алдымен Australian Open-де жеңіске жетіп, енді оған US Open кубогын қосты.

Осылайша Рыбакина карьерасындағы үш ірі титулдың екеуін дәл 2026 жылы жеңіп алды.

Соболенконың 20 матчтық сериясын тоқтатты

Рыбакинамен финалға дейін Соболенко US Open корттарында екі жылға жуық уақыт жеңілістің не екенін білмеген.

Беларусь теннисшісі 2024 жылы чемпион атанып, 2025 жылы титулын қорғады. Биыл да финалға дейін жетіп, Нью-Йорктегі жеңісті сериясын 20 матчқа жеткізген еді.

Оған нүкте қойған Рыбакина болды. Сонымен бірге Елена қарсыласына US Open титулын қатарынан үшінші рет жеңіп алуға мүмкіндік бермеді.

ФОТО: Getty images

Соболенконың 99 апталық көшбасшылығын аяқтады

Нью-Йорктегі турнир Соболенко үшін тағы бір ұзақ серияның аяқталуымен есте қалды.

Арина әлемдік рейтингтің бірінші сатысын 99 апта бойы ұстап келді. Енді оның орнын Рыбакина басады. WTA Еленаның жаңартылған рейтингте әлемнің бірінші ракеткасы атанатынын растады.

Символикалық тұрғыдан да ерекше: Рыбакина US Open финалында әлемнің қазіргі бірінші ракеткасын жеңіп қана қоймай, турнирден кейін оның орнын өзі басады.

Жарақат қаупінен - чемпиондыққа дейін

Рыбакинаның Нью-Йорктегі жолы турнир алдындағы жағдайды ескерсек, тіпті әсерлі көрінеді.

US Open қарсаңында Еленаны тобығындағы жарақат мазалаған. Сол себепті ол күшін жекелей сынға сақтау үшін аралас жұптық жарыстан бас тартқан еді.

ФОТО: Getty images
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie