Рыбакина US Open жеңісі үшін рекордтық сыйақы алды: бұл теңгемен қанша
Елена Рыбакинаның US Open-2026 турниріндегі жеңісі оған «Үлкен дулығадағы» үшінші титулын ғана емес, рекордтық көлемдегі сыйақыны да әкелді. Нью-Йорктегі чемпиондығы үшін қазақстандық теннисші 5,5 миллион доллар алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
US Open ұйымдастырушылары 2026 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында жеңіске жеткен теннисшілерге 5,5 миллион доллардан берілетінін алдын ала мәлімдеген. Бұл - кәсіпқой теннис тарихындағы чемпионға бір турнир үшін төленген ең ірі сыйақы. US Open-2026 жарысының жалпы жүлде қоры да рекордтық 108 миллион долларға жетті.
Рыбакина үшін бұл бір турнирден алған жаңа жеке рекорд болды. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткішін Елена WTA-2025 қорытынды турнирінде орнатқан еді. Сол жарыста жеңімпаз атанып, 5,235 миллион доллар тапқан. Қазіргі бағаммен бұл шамамен 2,36 миллиард теңгеге тең.
Алайда Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакинаға тек қаржылық рекорд әкелген жоқ. Финалда ол Арина Соболенконы үш сетте - 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, карьерасында алғаш рет US Open чемпионы атанды. Бұл қазақстандық теннисшінің Уимблдон-2022 және Australian Open-2026 жеңістерінен кейінгі үшінші «Үлкен дулыға» титулы болды.
Турнирден кейін Рыбакина WTA рейтингінде де алғаш рет бірінші орынға көтеріледі. Ол жекелей сында әлемдік рейтинг көшін бастаған Қазақстанның алғашқы өкілі атанады.
Салыстыру үшін, US Open-2026 финалисі Арина Соболенко 2,8 миллион доллар алды. Бұл шамамен 1,26 миллиард теңге.
