locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Рыбакина бірегей жетістікке қол жеткізді: қазақстандық теннисші не істеді

Елена XXI ғасырда бір маусымда хард төсенішінде өтетін екі «Үлкен дулыға» турнирін де жеңіп алған үш теннисшінің қатарына енді
Рыбакина бірегей жетістікке қол жеткізді: қазақстандық теннисші не істеді
ФОТО: Getty images

Елена Рыбакинаның US Open-2026 турниріндегі жеңісі оған карьерасындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулын ғана әкелген жоқ. Нью-Йорктегі триумфтан кейін қазақстандық теннисші XXI ғасырда бұған дейін небәрі екі спортшыға бұйырған сирек жетістікті қайталады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қаңтар айында Рыбакина Australian Open-2026 турнирінде топ жарса, енді Мельбурндегі жүлдесіне US Open титулын қосты. Осылайша Елена 2000 жылдан бері бір маусымда хард төсенішінде өтетін екі «Үлкен дулыға» турнирін де жеңіп алған үшінші теннисші атанды.

Бұл көрсеткішке алғаш болып Анжелика Кербер қол жеткізген. 2016 жылы неміс теннисшісі Australian Open турнирінде жеңіске жетіп, кейін сол маусымдағы US Open додасында да чемпион атанды. Келесі осындай нәтижені сегіз жыл күтуге тура келді.

2024 жылы бұл жетістікті Арина Соболенко қайталады. Беларусь теннисшісі Australian Open-де чемпиондық атағын қорғап, күзде карьерасында алғаш рет US Open турнирін жеңіп алды. Биылғы маусымға дейін Кербер мен Соболенко XXI ғасырда бір жылдың ішінде екі хард «мэйджорын» да бағындырған жалғыз теннисшілер еді.

Енді олардың қатарына Рыбакина қосылды. Бір қызығы, Елена 2026 жылғы екі хард «Үлкен дулығасының» финалында да бір қарсыласты - Соболенконы жеңді. Australian Open шешуші кездесуінде де қазақстандық теннисші басым түссе, Нью-Йорктегі финалда қарсыласын 6:4, 5:7, 6:2 есебімен ұтты.

US Open-дегі триумф Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы болды. Оның еншісінде Уимблдон-2022, Australian Open-2026 және US Open-2026 жүлделері бар. Енді карьералық «Үлкен дулығаны» толық жинау үшін Еленаға тек «Ролан Гаррос» титулы жетіспейді.

Нью-Йорктегі жеңіс тағы бір тарихи жетістікпен тұспа-тұс келді. Рыбакина карьерасында алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысына көтеріліп, әлемнің бірінші ракеткасы атанады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie