Рыбакина Соболенкоға қарсы бәсеке өзіне не беретінін айтты
Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейін Арина Соболенкоға қарсы бәсекесі жайлы пікір білдірді. Қазақстандық теннисші беларусь спортшысымен өтетін кездесулердің көбіне өте тартысты болатынын және дәл осындай матчтар қай тұста әлі де өсу керегін көрсететінін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Финалдан кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакинадан олардың қазіргі бәсекесін қалай бағалайтыны және болашақта бұл қарсыластықты қалай көретіні сұралды.
«Алда бізді не күтіп тұрғанын білмеймін, бірақ Аринаға қарсы ойнағанда әрдайым бар күшіңді салуға тура келеді. Осындай матчтардан кейін қай тұсты жақсарту керек екенін және ойыныңа тағы не қосуға болатынын анық аңғарасың. Меніңше, біз бір-бірімізді күшейе түсуге итермелейміз. Мұны тек Аринаға ғана емес, басқа да көшбасшы теннисшілерге қатысты айтуға болады. Әрдайым даму, жаңа нәрсе байқап көру және алға жылжу маңызды. Алда әлі талай үлкен матч пен жеңіс болады деп үміттенемін», - деді Рыбакина.

Соңғы жылдары Рыбакина мен Соболенко арасындағы бәсеке әйелдер турындағы ең назар аударарлық қарсыластықтардың біріне айналды. US Open-2026 финалы олардың өзара 18-кездесуі әрі «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші финалы болды. Нью-Йорктегі матчқа дейін жеке кездесулерде Соболенко 10:7 есебімен алда тұрса, финалдардағы басымдық Рыбакина жағында еді - 4:2.
Бұған дейін олар «Үлкен дулыға» турнирлерінің шешуші матчында екі рет кездескен. Australian Open-2023 финалында Соболенко жеңсе, 2026 жылдың қаңтарында Рыбакина Мельбурнда реванш алды. Енді Елена US Open финалында да қарсыласынан басым түсті.
Нью-Йорктегі финалда қазақстандық теннисші 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл Рыбакинаның карьерасындағы алғашқы US Open титулы және «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші жүлдесі болды. Бұған дейін ол Уимблдон-2022 және Australian Open-2026 жарыстарында топ жарған.
Бұл жеңіс Соболенконың US Open-дегі 20 матчқа созылған жеңісті сериясын да тоқтатты. Сонымен қатар беларусь теннисшісі Нью-Йоркте қатарынан үшінші рет чемпион атану мүмкіндігінен айырылды.