Рыбакинаға карьералық «Үлкен дулығаға» дейін бір ғана титул қалды: Еленаға не жетіспейді
Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі триумфынан кейін теннистегі ең беделді жетістіктердің бірі - карьералық «Үлкен дулығаға» бір қадам жақындады. Енді қазақстандық теннисшінің қоржынында төрт басты турнирдің үшеуінің титулы бар, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алғашқы «Үлкен дулығасын» Рыбакина 2022 жылы жеңіп алды. Сол кезде Елена Уимблдонда топ жарып, жекелей сында мұндай деңгейдегі турнирді жеңген Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.
Келесі үлкен жеңісті төрт жылға жуық күтуге тура келді. 2026 жылдың қаңтарында Рыбакина Australian Open финалында Арина Соболенконы жеңіп, екінші «Үлкен дулыға» титулын иеленді.
Енді бұл қатарға Нью-Йорктегі жеңіс қосылды. Осылайша Рыбакинаның коллекциясында:
• Уимблдон - 2022
• Australian Open - 2026
• US Open - 2026
• «Ролан Гаррос» - әзірге жоқ
Демек, толық карьералық «Үлкен дулыға» жинау үшін Еленаға бір ғана турнирді - «Ролан Гарросты» жеңу қажет.
Париждегі турнир әзірге Рыбакинаға бағынбай келеді. Оның «Ролан Гарростағы» ең үздік нәтижесі - ширек финал. Елена бұл кезеңге 2021 және 2024 жылдары екі рет жеткен.
Егер Рыбакина болашақта Парижде де чемпион атанса, карьерасында Australian Open, «Ролан Гаррос», Уимблдон және US Open турнирлерінің барлығын жеңіп, «Үлкен дулыға» иегері атанады.
Ал 2026 жыл Еленаның карьерасындағы ерекше маусымдардың біріне айналып үлгерді. Ол бір жылдың ішінде Australian Open мен US Open титулдарын иеленіп, әлемдік рейтингтің шыңына дейін көтерілді.