Рыбакинаның Цинциннати турнирінен кейін қанша табыс тапқаны белгілі болды
Елена Рыбакина Цинциннатиде өткен WTA 1000 санатындағы турнирдегі өнерін ширек финал кезеңінде аяқтады. Ига Швентекке қарсы матчты жарақатына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатқанына қарамастан, қазақстандық теннисші қомақты жүлде қаржысына ие болып, рейтингтік қорын да толықтырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ширек финалға шыққаны үшін Рыбакинаға 154 210 доллар тиесілі. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен 70,36 миллион теңгеге тең. Сонымен қатар Елена WTA рейтингінде 215 ұпай жинады.
Қазақстандық теннисші Цинциннатидегі жолын америкалық Тэйлор Таунсендті 6:3, 6:4 есебімен жеңуден бастады. Одан кейін польшалық Магдалена Френхтен 6:4, 7:6 есебімен басым түссе, 1/8 финалда Диана Шнайдерді екі сетте 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Ширек финалда әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекпен қайта кездесуі керек еді. Алайда матч небәрі 29 минутқа созылды. Бірінші сетте есеп 1:4 болған сәтте Рыбакина қатты ауырсынуды сезініп, кездесуді жалғастырудан бас тартуға мәжбүр болды.
Кейін Елена бұл мәселенің біраз уақыттан бері мазалап жүргенін айтты. Швентекке қарсы ойындағы сәтсіз қозғалыстан кейін жағдайы қиындай түскен. Жарақаттың нақты сипаты медициналық тексеруден соң белгілі болады.
Цинциннати турнирі Рыбакина үшін әлемдік рейтинг тұрғысынан да аса маңызды болды. Қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысына көтерілу мүмкіндігін сақтап тұрған еді, алайда жарақат оның көшбасшылық үшін күресін тоқтатты.
Рыбакина Цинциннатиде екінші нөмірмен тіркеліп, турнирдің басты фавориттерінің бірі саналды. Жарыс жеңімпазы 1 086 220 доллар және 1000 рейтингтік ұпай алады.
