Рыбакина Швентекке қарсы матчты аяқтай алмай, Цинциннати турнирінен шығып қалды
Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдегі өнерін аяқтады. Әлемнің екінші ракеткасы жартылай финал жолдамасы үшін польшалық Ига Швентекпен кездесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесудің алғашқы геймдерінен-ақ Швентек басымдықты өз қолына алып, есепте алға шықты. Рыбакина қарсылық көрсетуге тырысқанымен, бірінші сет барысында қазақстандық теннисшінің физикалық жайсыздық сезініп жүргені байқалды.
Есеп 1:4 болған сәтте Елена матчты жалғастырмау туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде Швентек жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Бұл кездесу Рыбакина үшін жуырдағы жеңілістің қарымтасын қайтаратын мүмкіндік еді. Небәрі сегіз күн бұрын қос теннисші Торонто турнирінің финалында кездескен. Ол жолы Швентек екі сетте 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Цинциннатиде Рыбакина бірнеше сенімді кездесу өткізіп үлгерді. Алғашқы айналымда америкалық Тэйлор Таунсендті 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, кейін польшалық Магдалена Френхтен 6:4, 7:6 есебімен басым түсті. Ал 1/8 финалда ресейлік Диана Шнайдерді екі сетте 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Осылайша, Рыбакина Цинциннати турнирін ширек финал сатысында аяқтап, жүлде үшін таласты жалғастыра алмады. Ал Швентек жартылай финалда америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.