locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Рыбакинаның қарсыласы US Open-2026 турнирін жеңіспен бастады: WTA лайв-рейтингінде жағдай қалай?

Арина Соболенко Нью-Йорктегі турнирдің алғашқы айналымынан өтті, алайда WTA лайв-рейтингінде әзірге Елена Рыбакина көш бастап тұр
Рыбакинаның қарсыласы US Open-2026 турнирін жеңіспен бастады: WTA лайв-рейтингінде жағдай қалай?
ФОТО: Getty images

Арина Соболенко US Open-2026 турниріндегі чемпиондық атағын қорғауды сәтті бастады. Алғашқы айналымда турнирдің бірінші ракеткасы колумбиялық Камила Осорионы 6:2, 6:4 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Артур Эш атындағы кортта өткен кездесу 1 сағат 27 минутқа созылды. Соболенко алғашқы сетте басымдықты бірден өз қолына алды. Екінші партияда Осорио қарсылықты күшейткенмен, матчтың барысын өзгерте алмады.

US Open-2026. Әйелдер. Бірінші айналым
Арина Соболенко – Камила Осорио
– 6:2, 6:4

Соболенконың бұл нәтижесі қазақстандық жанкүйерлер үшін WTA рейтингіндегі бірінші орынға талас тұрғысынан ерекше қызық. 31 тамыз кешіндегі лайв-рейтинг бойынша Елена Рыбакина 7911 ұпаймен бірінші орында тұр. Ал екінші сатыдағы Соболенконың еншісінде 6645 ұпай бар.

Бұл - турнир барысында үнемі өзгеріп отыратын виртуалды рейтинг. Онда теннисшілердің алынып тасталатын және жаңадан қосылатын ұпайлары бірден есепке алынады. Ал US Open басталар алдындағы ресми рейтингте Соболенко бірінші, Рыбакина екінші орында тұрған.

WTA мәліметінше, Рыбакина US Open турнирінде кемінде жартылай финалға дейін жетсе, жарыс қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атануына мүмкіндік алады.

Соболенко екінші айналымда Полина Яценкомен кездеседі. Беларусь теннисшісі US Open чемпионы атағын екінші жыл қатарынан қорғап жатыр және рейтингтің көшін иелену жолында Рыбакинаның басты қарсыластарының бірі болып қала береді.

ФОТО: WTA LIVE RATING

Рыбакина кіммен ойнайды?

Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі алғашқы матчын әлі өткізген жоқ. Бірінші айналымда қазақстандық теннисші 17 жастағы америкалық Тея Фродинмен кездеседі. Жарыс ұйымдастырушыларынан wild card алған Фродин үшін бұл US Open негізгі торындағы алғашқы кездесу болмақ.

Бұған дейін Рыбакина мен Фродин өзара кездеспеген. Қазақстандық теннисші Нью-Йорктегі турнирге тек жүлде үшін емес, WTA рейтингіндегі бірінші орын үшін де күресетін негізгі үміткерлердің бірі ретінде келіп отыр.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie