locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Рыбакина үшін алғашқы сынақ: Елена US Open турнирін кімге қарсы бастайды?

Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі алғашқы кездесуін АҚШ жасөспірімдер чемпионатындағы жеңісінің арқасында негізгі торға жолдама алған америкалық Теа Фродинге қарсы өткізеді
Рыбакина үшін алғашқы сынақ: Елена US Open турнирін кімге қарсы бастайды?
ФОТО: Getty images

Елена Рыбакина маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирін ерекше қарсыласқа қарсы бастайды. US Open-2026 турнирінің бірінші айналымында қазақстандық теннисші 17 жастағы америкалық Теа Фродинмен кездеседі. Бұл матч Фродин үшін ересектер арасындағы «Үлкен дулыға» турнирінің жекелей сындағы негізгі тордағы дебюті болмақ, деп хабарлайды Sports24.kz.

Екі теннисшінің арасындағы айырмашылық жас пен тәжірибеде ғана емес. Рыбакина Нью-Йоркке екінші нөмірлі теннисші ретінде келіп, әлемдік рейтингтің көшін бастау үшін күресіп жатса, Фродин жасөспірімдер теннисінен ересектер деңгейіне енді ғана қадам басып келеді.

Теа Фродин кім?

Фродин 2008 жылдың 17 желтоқсанында Калифорнияда дүниеге келген. Қазір америкалық спортшы 17 жаста, ал кәсіби мансабын 2024 жылы бастады.

2025 жылы Фродин жасөспірімдер арасындағы Уимблдонның жұптық сынында финалға дейін жетті. 2026 жылдың басында ол жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінің жекелей сынында жартылай финалға шықса, жазда Уимблдонда өнер көрсетті.

Оны US Open-нің негізгі торына алып келген басты жетістік АҚШ-та тіркелді. Фродин 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы USTA ұлттық чемпионатында топ жарып, соның арқасында АҚШ ашық чемпионатының негізгі торына wild card иеленді. WTA да америкалық теннисшінің турнирге дәл осы жеңістің арқасында жолдама алғанын растады.

Фродиннің өмірбаянында Серена Уильямспен байланысты қызықты дерек те бар. Ол бала кезінде «Король Ричард» фильмінің түсіріліміне қатысып, жас Серенаның теннистегі дублері болды. Бірнеше жылдан кейін Фродиннің өзі әлемдік теннистің ең ірі ареналарының бірінде өнер көрсетуге дайындалып отыр.

Рыбакина бірінші орын үшін күресті бастайды

Рыбакина үшін алғашқы матчтың маңызы мүлде бөлек. Қазақстандық теннисші US Open турниріне тек титулға үміткерлердің бірі ретінде ғана емес, жарыс қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атануға нақты мүмкіндігі бар спортшы ретінде келді.

WTA live-рейтингінің соңғы жаңартуында Рыбакина 7911 ұпаймен бірінші орында тұр. Одан кейін Арина Соболенко - 6585, ал Джессика Пегула 6555 ұпаймен орналасқан.

Әзірге бұл виртуалды рейтинг екенін ескерген жөн. Ресми орындар US Open нәтижелеріне қарай анықталады. Дегенмен Рыбакинаның турнир қорытындысы бойынша Соболенкодан озып, әлемдік рейтингтің көшіне шығуға мүмкіндігі бар. Тіпті жартылай финалға жетуі қазақстандық теннисшіге қарсыластарының нәтижесіне қарамастан бірінші орынды қамтамасыз етеді.

Турнир алдында Еленаның физикалық жағдайына қатысты да сұрақтар болған. Цинциннатидегі жарыстың ширек финалында ол Ига Швентекке қарсы матч барысында жарақатына байланысты кездесуді жалғастыра алмады. Рыбакина бірнеше күн бойы жүрудің өзі ауыр болғанын айтқан еді. Соған қарамастан, US Open қарсаңында оның жағдайы айтарлықтай жақсарды.

US Open-2026 турнирінің бірінші айналымындағы Елена Рыбакина - Теа Фродин кездесуі 1 қыркүйекте өтеді. Матч Астана уақытымен 20:00-де басталады.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie