Рыбакина US Open алдындағы жаттығуын өткізді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының басталуына дайындықты жалғастыруда, деп хабарлайды Sports24.kz.
Желіде жарияланған кадрларға қарағанда, 27 тамызда Елена кортта жаттығу өткізіп, жуырда алған жарақатынан кейін физикалық бабын жақсартуға күш салды.
Бұған дейін Еленаның US Open турниріндегі алғашқы қарсыласы және финалға дейінгі ықтимал жолы белгілі болған еді. Оның алғашқы қарсыласы WTA рейтингінде 580-орында тұрған 17 жастағы америкалық теннисші Теа Фродин болады.
Еске салайық, қазақстандық теннисші Цинциннати турнирінің ширек финалында польшалық Ига Швёнтекке қарсы матчта жарақат алған болатын. Кейін Рыбакина аяғындағы мәселе біраз уақыттан бері мазалағанын, алайда жүктеменің әсерінен ауырсыну күшейіп, тіпті жүріп-тұруы қиындағанын айтты.
Айта кетейік, US Open әйелдер арасындағы жекелей сындағы алғашқы матчтар 31 тамыз және 1 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Нью-Йорктегі турнирдің финалы 12 қыркүйекте өтеді. Әйелдер арасындағы қазіргі чемпион — Арина Соболенко.