Рыбакинаның US Open-дегі алғашқы қарсыласы анықталды
Елена Рыбакинаның US Open турниріндегі алғашқы қарсыласы және Қазақстанның бірінші ракеткасының жарыс финалына дейінгі ықтимал жолы белгілі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстанның бірінші ракеткасы 30-31 тамызда АҚШ-та кортқа шығады. Оның алғашқы қарсыласы WTA рейтингінде 580-орында тұрған америкалық теннисші Теа Фродин болады.
Рыбакина – Фродин жұбының жеңімпазы Дарья Видманова – Джессика Боусас Манейро арасындағы кездесудің үздігімен ойнайды.
Ал үшінші айналымға шыққан жағдайда Рыбакина жақында өзіне қарсы жеңіске жеткен Юлия Стародубцевамен кездесуі мүмкін. Қазақстандық теннисшінің ықтимал қарсыласы турнирдегі жолын Элла Зайдельге қарсы матчпен бастайды.
Айта кетейік, Юлия Путинцева турнирдегі жолын Швейцария өкілі Белинда Бенчичке қарсы матчпен бастайды.
Сондай-ақ US Open қорытындысы бойынша Рыбакинаның мансабында алғаш рет әйелдер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілу мүмкіндігі бар. Ол үшін турнирдің жартылай финалына шығуы қажет.
Бұдан бөлек, беларусьтік Арина Соболенко, сондай-ақ америкалық Коко Гауфф пен Джессика Пегула US Open турнирін жеңе алмаған жағдайда, қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы атана алады.
