Рыбакина Швентекке қарсы матчтан кейін жарақаты туралы айтты
Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швентекке қарсы кездесуді мерзімінен бұрын аяқтағаннан кейін денсаулық жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу бірінші сетте-ақ тоқтады. Есеп 1:4 болған сәтте Рыбакина қатты ауырсынуды сезініп, ойынды жалғастыра алмады. Матч небәрі 29 минутқа созылып, Швентек жартылай финалға жолдама алды.
Кездесуден кейін қазақстандық теннисші қазір өзін жақсы сезінбей тұрғанын жасырмады. Оның айтуынша, ауырсыну тіпті допты ойынға қосу кезінде қалыпты серпілуге кедергі келтірген.
«Қазір өзімді, әрине, жақсы сезініп тұрған жоқпын. Допты ойынға қосқанда аяғыммен дұрыс серпіле алмадым. Қазір тіпті жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ-дан өтемін, содан кейін нақты не болғаны белгілі болады», - деді Рыбакина.
Елена бұл мәселе Швентекке қарсы матчта аяқ астынан пайда болмағанын да айтты. Жарақат оны бұған дейін де мазалаған, бірақ белгілі бір уақытқа дейін жағдайды бақылауда ұстап келген.
«Бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ, біраз уақыттан бері мазалап жүр. Алғашында бәрін бақылауда ұстай алдым, бірақ кейін матчтар көбейіп, жүктеме де артты», - деді теннисші.
Рыбакинаның сөзінше, соңғы апталардағы тығыз кесте де денсаулығына әсер етуі мүмкін. Канададағы бірнеше ауыр кездесуден кейін ол Цинциннатиге келіп, көп демалыссыз қайтадан кортқа шыққан.
Қазақстандық спортшы Магдалена Френхке қарсы өткен матчты да атап өтті. Жаңбырға байланысты бірнеше рет тоқтатылған сол кездесуден кейін ауырсыну күшейе түскен.
«Канадада көп матч өткіздім, содан кейін Цинциннатиге келіп, қайтадан ойнауға тура келді. Френхке қарсы кездесу жаңбырдың кесірінен бірнеше рет үзілді. Сол матчтан кейін ауырсынуды қаттырақ сезіне бастадым. Келесі күнді толықтай демалыс пен қалпына келуге арнадым», - деп түсіндірді Рыбакина.
Швентекке қарсы ширек финал алдында Елена өзін қалыпты сезінгенін және матчты толық өткізе алатынына сенгенін айтты. Алайда бір сәтсіз қозғалыс жағдайды күрт өзгерткен.
«Матч алдында жағдайым жақсы еді, бәрі қалыпты болады деп ойладым. Бірақ бір сәтсіз қимыл, бір дұрыс түспеген қозғалыс болды да, ауырсыну бірден күшейіп кетті», - деді Рыбакина.

Бұған дейін кейбір теннис дереккөздері жарақат ахилл сіңіріне байланысты болуы мүмкін екенін жазған. Алайда Рыбакина әзірге нақты диагнозды атаған жоқ. Оның денсаулық жағдайы медициналық тексеруден кейін анық болады.
Осы жарақаттың салдарынан Рыбакина Цинциннатиде әлемдік рейтингтің бірінші орны үшін күресті де жалғастыра алмады. Енді басты мәселе - оның US Open турниріне дейін толық қалпына келуі.