Рыбакина Лондондағы турнирмен күтпеген жерден қоштасты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Лондонда (Ұлыбритания) өткен WTA 500 Queen’s Club Championships турниріндегі өнерін аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлемнің екінші ракеткасы ширек финалда Ұлыбритания өкілі Кэти Бултерге жол берді.
WTA 500. Лондон. Ширек финал
Елена Рыбакина (Қазақстан) – Кэти Бултер (Ұлыбритания) – 1:2 (5:7, 6:2, 4:6)
Кездесу үш сетке созылды. Алғашқы партияда жеңілген Рыбакина екінші сетте қарымта қайтарып, есепті теңестірді. Алайда шешуші партияда британдық теннисші басым түсті.
Бір күндегі екінші матч
Бұл Елена үшін сол күнгі екінші ойын болды. Бұған дейін қазақстандық теннисші ауа райына байланысты кейінге шегерілген 1/8 финал матчында германиялық Татьяна Марияны жеңген еді.
Сол кездесуде Рыбакина 6:7, 7:5, 6:0 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алған болатын.
Лондондағы турнирде Рыбакина бірінші нөмірмен тіркеліп, титулға басты үміткерлердің бірі саналған еді. Алайда оның жарыстағы жолы ширек финалда аяқталды.
Соған қарамастан қазақстандық теннисші ұзақ демалмайды. 21-27 маусым аралығында ол Германияның Бад-Хомбург қаласында өтетін WTA 500 Bad Homburg Open турниріне қатысады. Бұл жарыс Рыбакина үшін Уимблдон алдындағы соңғы дайындық кезеңі болмақ.