Рейтингтегі бірінші орын үшін күрес: Рыбакина мен басқа ойыншылардың US Open алдындағы мүмкіндіктері қандай?
Гранд Слэм турнирлерінің биылғы маусымындағы соңғысы – US Open. АҚШ-тың Ашық чемпионаты әлемнің бірінші ракеткасы атағы үшін тартысты жарысқа айналды. Бұл жарыста Елена Рыбакинаның да үлкен мүмкіндіктері бар, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстанның бірінші ракеткасы турнирге ең көп ұпаймен – 7901 баллмен келеді. Себебі, Рыбакинаның рейтингінен кететін ұпай саны қазіргі әлемдік көшбасшы Арина Соболенкоға қарағанда әлдеқайда аз. Өткен жылғы турнирде белоруссиялық теннисші жеңіске жетіп, 2000 ұпай жинаған еді, ал қазір оның турнирге кірердегі ұпайы – 6575. Ал Рыбакина рейтингте небәрі 240 ұпай жоғалтады.
Осылайша, қызықты жағдай орын алуы мүмкін: Соболенко Рыбакинаның ерте, яғни ширек финалға дейін жарыстан шығуын тілеп, өзі де турнирде жеңіске жетуге тиіс – сонда ғана бірінші орнын сақтап қала алады.
Дәл осындай есеп Қазақстандық теннисшінің рейтингтегі басқа бәсекелестері – Джессика Пегула мен Коко Гофф үшін де өзекті. Егер Рыбакина жартылай финалға шықса, басқа теннисшілердің нәтижесіне қарамастан, US Open қорытындысы бойынша әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтеріледі.
Айта кетейік, АҚШ Ашық чемпионатының әйелдер арасындағы жекелей сайысы 12 қыркүйекте басталады. Қазіргі уақытта аралас разряд өтіп жатыр, оған Рыбакина бұған дейін қатысудан бас тартқан болатын.
