Елена Рыбакина US Open турнирінің басты фавориттері қатарына енді
Ресей футбол құрамасының бұрынғы бас бапкері Леонид Слуцкий Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның мүмкіндігін жоғары бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Танымал жаттықтырушының пікірінше, Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының әйелдер арасындағы жекелей сында жеңіске жетуге басты үміткер төрт теннисшінің қатарына кіреді.
«Мен Мирра Андрееваға үлкен жанкүйермін, бірақ оның финалда ойнайтынын білмеймін. Басты фавориттер қатарында Соболенко, Рыбакина, Швёнтек және Андрееваны атар едім», – деп Слуцкийдің сөзін Championat келтіреді.
Еске салайық, Рыбакина турнирдегі алғашқы матчында WTA рейтингінде 580-орында тұрған 17 жастағы америкалық теннисші Теа Фродинмен кездеседі.
Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева жарысты Швейцария теннисшісі Белинда Бенчичке (WTA 12) қарсы матчпен бастайды.
Рыбакина мен Путинцеваның кездесулері 1 қыркүйекке, сағат 20:00-ге жоспарланған.
Бұған дейін Рыбакинаның US Open алдындағы ақшалай бонусқа ие болғанын хабарлаған едік.