Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ресми түрде WTA рейтингін басқарды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жаңартылған рейтингте ол бірінші орынға көтеріліп, Қазақстан тарихындағы әлемдік рейтингте көш бастаған алғашқы теннисші атанды. Сонымен қатар Рыбакина WTA тарихында әлемдік рейтингтің шыңына шыққан 30-шы әйел теннисші болды.
Рыбакина бірінші орында 99 апта бойы тұрған Беларусь өкілі Арина Соболенконы алмастырды. Қазақстандық теннисшінің рейтинг көшіне шығатыны US Open финалына дейін-ақ белгілі болған еді. Ал Нью-Йорктегі жеңісі оған тарихи жетістігін чемпиондық атақпен рәсімдеуге мүмкіндік берді.
US Open-2026 турнирінің финалында Рыбакина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Матч 2 сағат 21 минутқа созылды. Елена үшін бұл US Open-дегі алғашқы титул, 2026 жылғы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі екінші жеңіс және мансабындағы үшінші чемпиондық болды. Бұған дейін ол Уимблдон-2022 және Australian Open-2026 турнирлерінде жеңіске жеткен.
Рыбакина әлемдік рейтингтің бірінші сатысына бірнеше жыл бойы ұмтылды. Енді 27 жастағы қазақстандық теннисші ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы осындай жетістік.
Рыбакина үшін келесі ірі турнир Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі болады. Финалдық турнир 22-27 қыркүйек аралығында Шэньчжэнь қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы әлемдегі ең мықты сегіз команданың қатарында сынға түседі. Ширек финалда қазақстандық теннисшілер 23 қыркүйекте Испания құрамасымен кездеседі.
Бұған дейін Рыбакина US Open трофейін Қазақстанға алып келіп, тарихи жеңісін жанкүйерлерімен бөліскісі келетінін айтқан болатын.