locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Елена Рыбакина 2026 жылдың ең көп табыс тапқан теннисшісі атанды

Әлемнің бірінші ракеткасы турнирлерден 10,88 млн доллар жүлдеақы тапты, ал алда оны WTA Finals күтіп тұр
Елена Рыбакина 2026 жылдың ең көп табыс тапқан теннисшісі атанды
ФОТО: Getty images

Елена Рыбакина әлемдік рейтингтің шыңына көтеріліп қана қоймай, 2026 жылғы маусымда ең көп жүлдеақы тапқан теннисші атанды. Қыркүйектің ортасына қарай Қазақстан өкілі корттағы нәтижелерінің арқасында 10,88 млн доллар табыс тапты, деп хабарлайды Sports24.kz Sportico-ға сілтеме жасап.

Бұл соманың басым бөлігін Рыбакинаға маусымдағы екі басты жеңісі әкелді. Алдымен Елена Australian Open чемпионы атанса, кейін мансабында алғаш рет US Open турнирінде топ жарды. Ең қомақты жүлдеақы Нью-Йорктегі жеңісі үшін берілді.

АҚШ ашық чемпионатындағы титулы үшін Рыбакина 5,5 млн доллар алды. Яғни бір ғана US Open оның 2026 жылы жинаған жалпы жүлдеақысының жартысынан астамын қамтамасыз етті.

Елена Мельбурнде де қомақты сыйақыға ие болды. Australian Open турниріндегі жеңісі оған шамамен 2,8 млн АҚШ долларын әкелді. Осылайша, «Үлкен дулығаның» екі турниріндегі чемпиондық Рыбакинаның маусымдық табысының негізгі бөлігін құрады.

2026 жыл Елена үшін қаржылық тұрғыдан ғана емес, спорттық нәтижелерімен де ерекше болып отыр. Қазақстандық теннисші Australian Open мен US Open жарыстарында жеңіске жетіп, мансабындағы «Үлкен дулыға» титулдарының санын үшке жеткізді. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон чемпионы атанған.

Нью-Йорктегі сәтті өнерінен кейін Рыбакина мансабында алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысына көтерілді. Нәтижесінде қыркүйектің ортасында Елена бір мезетте әлемнің бірінші ракеткасы әрі әйелдер арасында маусымдық жүлдеақы көлемі бойынша көшбасшы атанды.

Sportico мәліметінше, 2026 жылы турнирлерден кемінде екі миллион доллар жүлдеақы тапқан теннисшілер саны 50-ге жеткен. Олардың 23-і әйел, 27-сі ер адам.

Ерлер мен әйелдерді бірге есептегенде Рыбакинадан көп табыс тапқан теннисшілер бар. Александр Зверевтің жүлдеақысы 14,71 млн долларды, ал Янник Синнердің табысы 11,62 млн долларды құрады. Ал Рыбакина 10,88 млн доллармен әйелдер арасында бірінші орында тұр.

Дегенмен бұл Еленаның 2026 жылғы соңғы көрсеткіші емес. Алда маусымның шешуші бөлігі және Рыбакина жолдама алып қойған WTA Finals турнирі бар. Қорытынды жарыстың жүлде қоры әйелдер теннисіндегі ең ірілердің бірі саналады. Сондықтан жыл соңына дейін әлемнің бірінші ракеткасының маусымдық табысы әлі де өсуі мүмкін.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie