locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Михаил Кравец «Барыстың» «Ладаны» жеңуіне әсер еткен негізгі факторларды атады

Астаналықтардың бас бапкері алғашқы сырт алаңдағы матчтағы ірі жеңістен кейін команданың тәртібі мен қорғаныстағы ойынын ерекше атап өтті
Михаил Кравец «Барыстың» «Ладаны» жеңуіне әсер еткен негізгі факторларды атады
ФОТО: Барыс ХК

«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ тұрақты чемпионатында «Ладаны» ірі есеппен жеңген матчқа пікір білдірді. Тольяттиде астаналық клуб қарсылас қақпасына жауапсыз алты шайба соғып, маусымдағы алғашқы сырт алаңдағы сериясын 6:0 есебіндегі жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қорытынды есеп айқын болғанымен, Кравец кездесудің командасы үшін оңай өтпегенін айтты. Әсіресе бірінші кезеңде алаң иелері шабуылға жиі шығып, «Барыс» қақпасына қысым жасауға тырысты.

«6:0 есебі сенімді жеңіс сияқты көрінеді, бірақ ойынның өзі оңай болған жоқ. Бірінші кезең өте қиын өтті, «Лада» шабуылда жақсы қимылдады. Біз тәртіпті сақтап, қарымта шабуылдарды тиімді пайдаландық және қажетсіз айып минуттарына жол бермедік. Біртіндеп сенімділік пайда болып, шайбаны жақсырақ бақылауға көштік», - деді Кравец.

Бас бапкер голдық мүмкіндіктерді пайдалану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жеңіске тек шабуылдағы нәтижелілік емес, команда ойыншыларының шайбасыз әрекеті мен қорғаныстағы сенімділігі де әсер еткен.

«Бірінші кезеңнің өзінде мүмкіндіктеріміз болды, бірақ оларды пайдалана алмадық. Кейін гол соға бастадық, сан басымдығын да жүзеге асырдық. Дегенмен мен үшін ең маңыздысы – қарсыласқа іс жүзінде қауіпті ештеңе жасауға мүмкіндік бермегеніміз. Жақсы шабуыл сенімді қорғаныстан басталады. Біздің ойынымыз да соған құрылды», – деп қосты маман.

«Барыс» бірінші кезеңнің соңында Джейк Массидің шайбасынан кейін есеп ашты. Екінші жиырма минуттықта Джастин Бэйли мен Семен Симонов басымдықты арттырды. Ал шешуші кезеңде Иэн Маккошен, Бэйли және Тайс Томпсон мергендік танытты. Нәтижесінде астаналықтар 6:0 есебімен жеңіске жетсе, Бэйли дубль авторы атанды.

2026/27 жылғы маусымның алғашқы төрт кездесуінде «Барыс» үш рет жеңіске жетіп, бір ойында ұтылды. Бұған дейін Кравец шәкірттері «Сибирьді» 7:1 есебімен ойсырата жеңіп, «Салават Юлаевтан» 8:6 есебімен басым түскен. Ал «Амурға» қарсы кездесуде астаналықтар 1:3 есебімен жол берді.

Төрт матчта «Барыс» қарсыластарының қақпасына 22 шайба соқты. «Ладаны» жеңгеннен кейін команда Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде төртінші орынға жайғасты.

«Барыс» келесі кездесуін 18 қыркүйекте өткізеді. Михаил Кравецтің командасы Магнитогорскіде «Металлургпен» кездеседі.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie