Бір маусымда 5 млрд теңгеге жуық: Елена Рыбакина 2026 жылы қанша табыс тапты
Елена Рыбакина мансабындағы ең табысты маусымдардың бірін өткізіп жатыр. «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирдегі жеңіс, тағы бір WTA титулы және әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілу қазақстандық теннисшінің спорттық жетістіктеріне ғана емес, табысына да айтарлықтай әсер етті, деп хабарлайды Sports24.kz.
WTA-ның ресми мәліметі бойынша, 16 қыркүйектегі жағдаймен Рыбакина 2026 жылғы турнирлерден 10 879 335 доллар жүлдеақы тапқан. Бұл сомаға тек жарыстардағы нәтижесі үшін алған сыйақысы кіреді. Жарнамалық келісімшарттар, демеушілерден түсетін қаражат және өзге де коммерциялық табыстары есепке алынбаған.
Қазақстан Ұлттық банкінің 16 қыркүйектегі ресми бағамы бойынша бір доллар 447,88 теңгеге тең. Осы бағаммен есептегенде, Еленаның биылғы жүлдеақысы шамамен 4,87 млрд теңгені құрайды.
US Open маусымдық табыстың жартысынан астамын әкелді
Рыбакина биылғы ең ірі чегін Нью-Йоркте алды. US Open турнирінде алғаш рет чемпион атанған қазақстандық теннисшіге 5,5 млн доллар, яғни 16 қыркүйектегі бағаммен шамамен 2,46 млрд теңге төленді. Осылайша, бір ғана US Open Еленаның маусым бойы жинаған жүлдеақысының жартысынан астамын қамтамасыз етті.
2026 жылы US Open жүлде қоры бойынша да рекорд орнатты. Қатысушыларға берілетін жалпы сыйақы көлемі 108 млн долларға жетті. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында чемпион атанған теннисшілерге 5,5 млн доллардан берілсе, финалистер 2,8 млн доллардан алды.
Нью-Йорктегі турнир Рыбакина үшін бірден бірнеше тарихи жетістікпен есте қалды. Финалда ол Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды. Бұл - Еленаның Уимблдон-2022 мен Australian Open-2026 турнирлерінен кейінгі үшінші «Үлкен дулыға» титулы. Сонымен қатар қазақстандық теннисші Соболенконың US Open корттарындағы 20 матчқа созылған жеңісті сериясын тоқтатты.
Australian Open да қомақты жүлдеақы әкелді
Рыбакинаның маусымдағы алғашқы ірі жеңісі Австралияда тіркелді. Ол Australian Open-2026 турнирінің чемпионы атанып, жекелей сындағы жеңісі үшін 4,1 млн австралиялық доллар, яғни шамамен 2,75 млн АҚШ долларын иеленді.
Осылайша, Australian Open мен US Open турнирлеріндегі екі жеңістің өзі Рыбакинаға шамамен 8,25 млн доллар жүлдеақы әкелді. Еленаның биылғы табысының басым бөлігі дәл Мельбурн мен Нью-Йорктегі нәтижелерінің арқасында жиналды.
Дегенмен қазақстандық теннисшінің маусымы екі «Үлкен дулығамен» ғана шектелген жоқ. 2026 жылы Рыбакина Штутгарттағы турнирде де чемпион атанды. Бұдан бөлек, Индиан-Уэллс пен Торонтода финалға дейін жетті. 16 қыркүйектегі жағдай бойынша әлемнің бірінші ракеткасының еншісінде үш титул, 49 жеңіс және 13 жеңіліс бар.
Бір маусымда екі «Үлкен дулыға»
2026 жыл Рыбакинаның мансабында ерекше орын алды. Ол алғаш рет бір күнтізбелік маусымда «Үлкен дулығаның» екі турнирін жеңіп алды. Оның үстіне Australian Open мен US Open жарыстарының екеуі де хард төсенішінде өтті. XXI ғасырда бір маусымда осы екі турнирді қатар жеңу санаулы теннисшілерге ғана бұйырған.
Нью-Йорктегі жеңіс Еленаға тағы бір тарихи белесті бағындыруға мүмкіндік берді. US Open аяқталғаннан кейін қазақстандық теннисші алғаш рет WTA рейтингінің көшін бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
Осылайша, қыркүйектің ортасына қарай Рыбакинаның 2026 жылғы маусымында Australian Open, Штутгарт және US Open титулдары, Индиан-Уэллс пен Торонтодағы финалдар, WTA рейтингіндегі бірінші орын және 4,9 млрд теңгеге жуық жүлдеақы бар.
Бұл әлі соңғы көрсеткіш емес. Маусым жалғасып жатыр, ал Рыбакина WTA Finals турниріне қатысу құқығына ие болып үлгерді. Сондықтан қазіргі 10,88 млн доллар - Еленаның 16 қыркүйекке дейінгі табысы ғана. Жыл соңына дейін оның жүлдеақы көлемі тағы да артуы мүмкін.