Бублик Шанхайдағы «Мастерсте» қанша табыс тапқаны белгілі болды
Александр Бубликтің Шанхайдағы ATP 1000 турниріндегі алғашқы жеңісі оған тек үшінші айналым жолдамасын ғана емес, қомақты жүлде ақшасын да алып келді. 29 жастағы қазақстандық теннисші осы кезеңге шыққаны үшін 61 865 доллар, яғни шамамен 28,1 млн теңге алатынына кепілдік алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бублик турнирде 19-нөмірмен себіліп, алғашқы айналымнан босатылды. Шанхайдағы алғашқы кездесуінде ол әлемдік рейтингтің 75-орнында тұрған чехиялық Томаш Махачпен ойнады.
Қазақстандық теннисшіге жеңіс үшін екі сет жеткілікті болды. Алғашқы партияда Бублик бір брейктің арқасында басым түссе, екінші сетте жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды.
Бұл нәтиже Бубликке жүлде ақшасынан бөлек, ATP рейтингінде 50 ұпай әкелді. Ал келесі кезеңге өтсе, оның табысы айтарлықтай өседі. Төртінші айналымға шыққан теннисшіге 105 720 доллар және 100 рейтингтік ұпай беріледі.
Турнирдің жүлде қоры кезең сайын көбейе түседі. Ширек финалға жеткен ойыншы 193 645 доллар, жартылай финалист 340 190 доллар, ал финалға шыққан теннисші 612 340 доллар алады. Шанхайдағы «Мастерстің» чемпионына 1 151 380 доллар және 1000 рейтингтік ұпай беріледі.
Жалпы биылғы турнирдің жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Жарыс 7–18 қазан аралығында Шанхайдағы хард кортта өтіп жатыр.
Бубликтің келесі қарсыласы - ATP рейтингінде 18-орында тұрған америкалық Брэндон Накашима. Ол екінші айналымда италиялық Маттео Берреттиниді 7:6 (7:4), 7:5 есебімен жеңді. Демек, келесі кездесуде Бублик үшін тек төртінші айналым жолдамасы ғана емес, қосымша 44 мың долларға жуық жүлде ақшасы да сарапқа салынады.
Айта кетейік, Бублик Шанхайда кортқа жағымсыз оқиғадан бірнеше күн өткен соң шықты. Қазақстандық теннисші таксиден түспек болған кезде басқа көлік ашық тұрған есікке соғылып, ол жол апатына тап бола жаздаған. Абырой болғанда, Бублик жарақат алған жоқ.