Александра Трусова Алматыдағы «Денис Тен мемориалында» жеңіске жетті
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Александра Игнатова (Трусова) Алматыда өтіп жатқан «Денис Тен мемориалы-2026» турнирінде әйелдер арасындағы сында топ жарды. Бұл 22 жастағы мәнерлеп сырғанаушының жарысқа қайта оралғаннан кейінгі халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қысқа бағдарламада Трусова 77,39 ұпай жинап, көш бастады. Еркін бағдарламада да ол ең жоғары нәтиже көрсетіп, 148,62 ұпай алды. Екі бағдарлама қорытындысы бойынша ресейлік спортшының жалпы ұпайы 226,01-ге жетті.
Күміс жүлде Оңтүстік Корея өкілі Ким Ю Чэге бұйырды. Ол қысқа бағдарламадан кейін екінші орында тұрғанымен, еркін бағдарламада үшінші нәтиже көрсетті. Жалпы есепте кореялық мәнерлеп сырғанаушы 209,20 ұпай жинады.
Қазақстан да жүлдесіз қалған жоқ. Софья Самоделкина үздік үштіктен орын алып, ел қоржынына қола медаль салды.
Қысқа бағдарламадан кейін Самоделкина 69,45 ұпаймен үшінші орында тұрған. Ал еркін бағдарламада ол нәтижесін жақсартып, 134,91 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш бойынша Софья тек Трусоваға жол берді. Екі бағдарлама қорытындысында қазақстандық спортшы 204,36 ұпайға ие болды.
Самоделкинаның бұл турнирмен байланысты өзіндік тарихы бар. Ол 2021 жылы да «Денис Тен мемориалында» жеңіске жеткен, бірақ ол кезде Ресей атынан өнер көрсеткен еді. Енді Софья Алматыдағы жарыста Қазақстан құрамасының спортшысы ретінде жүлдегер атанды.
Ал Трусова үшін Алматыдағы жарыс үлкен спортқа оралу жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Қыркүйекте ол бірнеше жылдан кейін алғаш рет халықаралық турнирге қатысып, Токиодағы Challenger Series жарысында екінші орын алған. Сол додада Александра 221,06 ұпай жинаса, араға бір ай салып Қазақстанда алтын медальға қол жеткізді.
Трусова өз буынындағы ең танымал мәнерлеп сырғанаушылардың бірі саналады. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында ол күміс жүлде иеленіп, еркін бағдарламада бірден бес төрт айналымдық секіру орындап, тарихқа енген еді.
Denis Ten Memorial Challenge-2026 Алматыдағы Halyk Arena-да 7–10 қазан аралығында өтіп жатыр. Биыл турнир сегізінші рет ұйымдастырылып, ISU Challenger Series 2026/27 маусымының күнтізбесіне енген.
Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық жарыс 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал 2021 жылдан бастап турнир Challenger Series халықаралық сериясының бір бөлігіне айналды.
10 қазанда ерлер арасындағы жекелей сын мен мұздағы би бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ кешкі уақытта Halyk Arena-да жүлдегерлер мен шақырылған мәнерлеп сырғанаушылар қатысатын гала-шоу өтеді.