Бублик жол апатынан кейін Шанхайда кортқа шықты
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Александр Бублик Шанхайдағы «Мастерс» турнирін сәтті бастады. Қазақстандық теннисші себілген ойыншы ретінде алғашқы айналымнан босатылып, жарыстағы алғашқы кездесуінде ATP рейтингінде 75-орында тұрған чехиялық Томаш Махачпен кездесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бубликке жеңіс үшін екі сет жеткілікті болды. Алғашқы партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түссе, екінші сет тай-брейкке ұласты. Шешуші сәтте Александр дәл ойнап, тай-брейкті 7:4 есебімен өз пайдасына аяқтады. Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды.
ATP 1000. Шанхай, Қытай. Екінші айналым
Александр Бублик (Қазақстан) - Томаш Махач (Чехия) - 6:4, 7:6 (7:4)
Айта кетерлігі, Махач қазақстандық теннисші үшін қолайлы қарсыластардың бірі болып отыр. Бұған дейін олар 2024 жылы Дубайда және 2025 жылы Галледе кездескен. Екі матчта да Бублик жеңіске жеткен еді. Осылайша, жеке кездесулер есебінде Александрдың басымдығы 3:0-ге жетті.
29 жастағы қазақстандық үшін Шанхайдағы турнир тұрақты нәтижелерге қайта оралу тұрғысынан да маңызды. 2026 жылдың басында Бублик мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді. Ол ерлер арасындағы жекелей сында мұндай нәтижеге қол жеткізген алғашқы Қазақстан өкілі атанды. Қазір Александр ATP рейтингінде 22-орында тұр.
Биыл Бублик Гонконгтағы ATP 250 турнирінде чемпион атанып үлгерді. Жалпы мансабында оның еншісінде тоғыз ATP титулы бар. Әлемдік рейтингтегі ең жоғары көрсеткіші - 10-орын.
Келесі айналымда Бублик америкалық Брэндон Накашимамен кездеседі. Ол екінші айналымда италиялық Маттео Берреттиниді 7:6 (7:4), 7:5 есебімен жеңді. Накашима матч барысында өз сервисіндегі бірде-бір геймді қарсыласына берген жоқ. Енді екі теннисші төртінші айналым жолдамасын сарапқа салады.
Айта кетейік, Шанхайдағы алғашқы матчының алдында Бублик жол апатына тап бола жаздаған. Қазақстандық теннисші таксиден түспек болған сәтте көліктің ашық тұрған есігіне басқа автомобиль соғылған. Соққыдан есік кері қайырылып кеткенімен, Бубликтің өзі жарақат алмаған.