locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Албаниялық спорт жүргізушісі әлеуметтік желіні бағындырып жатыр: Франческа Рустеми кім?

21 жастағы Франческа Рустеми Албания құрамасының матчына алаң жиегінен репортаж жасауға келіп, кештің ең көп талқыланған кейіпкерлерінің біріне айналды
Албаниялық спорт жүргізушісі әлеуметтік желіні бағындырып жатыр: Франческа Рустеми кім?
ФОТО:haberglobal.com

Албания мен Сан-Марино құрамаларының матчы әлеуметтік желіге жаңа жұлдыз сыйлады. Жанкүйерлердің назарына футболшы емес, алаң жиегінде жұмыс істеген спорт журналисі әрі тележүргізуші Франческа Рустеми ілікті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Рустеми стадионға қара көйлек пен биік өкшелі аяқ киіммен келген. Әсіресе оның микрофон ұстап, аяғын футбол добына қойған сәті көпшіліктің назарын аударды. Кадрлар X пен Instagram желілерінде, сондай-ақ түрлі спорттық парақшаларда жылдам таралып, жүргізушінің видеолары миллиондаған қаралым жинады.

Франческаның өзі күтпеген танымалдылықты әзілмен қабылдаған. Кейін ол қарапайым футбол матчын көрсетуге келгенін, бірақ көп ұзамай өз суреттерін бірнеше елдің БАҚ-тарынан көргенін айтқан. Соңғы күндері ол туралы Хорватия, Түркия, Грекия, Румыния және басқа мемлекеттердің басылымдары жазды.

Алайда Рустеми спорт журналистикасына кеше ғана келген жоқ. Ол 2005 жылғы 31 қаңтарда Дуррес қаласында дүниеге келген. Қазір телевидение мен модельдік мансапты қатар алып жүр, сондай-ақ заң факультетінде білім алады.

Франческа Албанияда 2024 жылы кеңінен таныла бастады. Сол жылы ол Miss Universe Albania байқауында жеңіске жетіп, кейін Мексикада өткен Miss Universe 2024 халықаралық сұлулық додасында ел намысын қорғады.

Дегенмен ол өзін тек модельдік саламен шектеген жоқ. Рустеми біртіндеп телевидениеге бет бұрып, Албаниядағы танымал спорттық бағдарламаларда көріне бастады. Соның ішінде Procesi Sportiv және Top Arena жобаларында жұмыс істеді. Соңғы бағдарлама 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде тұрақты түрде эфирге шыққан.

Бұдан бөлек, Франческа Албания құрамасына арналған KUQeZI жобасына қатысып, стадиондардан тікелей репортаж жасап, футболшылармен сұхбаттасқан.

Ол өзін радио саласында да сынап көрді. Top Albania Radio эфирінде шығатын Përtej Topit бағдарламасын жүргізіп, спортшыларды, музыканттарды және басқа да танымал тұлғаларды қонаққа шақырады.

Осылайша, бірнеше жылдың ішінде Франческа Рустеми сұлулық байқауының жеңімпазынан Албаниядағы ең танымал жас спорт жүргізушілерінің біріне айналды. Ал соңғы матчтан кейін оның есімі ел шекарасынан асып, халықаралық спорт және lifestyle-медиада жиі айтыла бастады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie