Қазақстан құрамасына гол соққан футболшы КПЛ-да мансабын жалғастыруы мүмкін
Фарер аралдары құрамасы мен «НСИ Рунавик» клубының шабуылшысы Петер Кнудсен Қазақстан Премьер-лигасында мансабын жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
ASnews.kz порталының мәліметінше, 28 жастағы шабуылшы КПЛ турнирлік кестесінің жоғарғы бөлігінде орналасқан бірнеше клубтың назарын аударған. Алайда клубтардың атауы жарияланбады.
- Сондай-ақ оқыңыз: КПЛ клубы Қазақстан құрамасының екі ойыншысына көз тікті
Айта кетейік, Кнудсен Қазақстан құрамасының қақпасына екі рет гол соққан. Шабуылшы Қазақстан құрамасына қарсы алғашқы голын жуырда Астанада өткен матчта (2:2) соқты. Сондай-ақ ол 2025 жылы өткен өзара кездесуде де дәл соққысымен көзге түсті.
Осы маусымда Қазақстан құрамасын қапы қалдырған шабуылшы фарерлік «НСИ Рунавик» сапында барлық турнирде 30 матч өткізіп, 17 гол соқты және 7 нәтижелі пас берді.
Футболшының трансферлік құны 275 мың еуроға бағаланып отыр.

