Александр Бублик «Барыс» ойынында басынан өткен қызықты жайтты баяндады
Әлемдік ATP рейтингінде 25-орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик елордалық «Барыстың» кездесуінен алған әсерін бөлісті. Ол хоккейшілердің мұз айдынындағы қимылын бақылау оңай болмағанын, әсіресе шайбаның қай бағытқа қозғалғанын аңғара алмай әбігерге түскенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Спортшының сөзінше, ол хоккей матчтарына бірнеше мәрте барған. Алайда Астанадағы кездесулердің бірі ерекше есінде қалыпты. Себебі мұз үстіндегі тартысты тамашалағанымен, ойынның шешуші сәттерін бірден түсіне алмаған.
«Хоккей көруге бірнеше рет бардым. Астанада «Барыстың» кездесуін де тамашалағанмын. Бірақ шайбаны көзбен бақылау дегенің оңай шаруа емес екен. Ойыншылар мұз үстінде дамылсыз қозғалады, бәрі бір бағытқа ұмтылады. Сен де соларға қарап отырасың, бірақ шайбаның қайда екенін білмейсің. Бір кезде трибуна дүр ете қалады. Жұрт қуанып жатқан соң, сен де гол соғылды деп айқайлайсың. Артынша оның есепке алынбағанын түсінесің. Сөйтсең, бірдеңе болып, қақпа орнынан жылжып кеткен бе, әйтеуір гол саналмайды. Сонда не болғанын түсінбей қаласың», – деді Бублик «Чай с Бубликом» бағдарламасында.
Осылайша, теннис кортындағы шапшаң доп алмасуға әбден төселген спортшы үшін хоккейдегі шайбаның қозғалысын қадағалау күтпеген сынаққа айналған.
Алдағы уақытта Бублик халықаралық жарыста бақ сынамақ. Ол 17–20 желтоқсан күндері Үндістанның Бангалор қаласында ұйымдастырылатын World Tennis League командалық көрме турниріне қатысады.
Ал елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатындағы соңғы кездесуінде Уфаның «Салават Юлаев» клубына 3:5 есебімен есе жіберді. Астаналық ұжым 20 қарашада Омбыда жергілікті «Авангардпен» кездеседі.