11 миллион доллардан астам: Рыбакина WTA-да табысы ең жоғары теннисші атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылды әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде ғана емес, турнирлерден алған жүлде қаржысының көлемі жөнінен де көшбасшы ретінде аяқтамақ. Отандасымыз бұл көрсеткіш бойынша ресейлік Мирра Андреева мен беларусь спортшысы Арина Соболенкодан озып шықты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) 16 қарашадағы мәліметіне сәйкес, Рыбакина биылғы жарыстарда 11 134 420 доллар табыс тапқан. Бір қызығы, бұл қаражаттың барлығы жекелей сындағы өнері үшін берілген.
Қазақстандық спортшының ең жақын қарсыласы Мирра Андреева маусым бойы 10 522 615 доллар еншілеген. Ресейлік теннисші оның 10,1 миллионнан астамын жекелей бәсекеде, ал 366 355 долларын жұптық сайыстарда иеленді. Осылайша, Рыбакина одан 611 805 долларға алға шықты.
Үздік үштікті 8 585 243 доллармен Арина Соболенко түйіндеді. Беларусь өкілі бұл көрсеткіште қазақстандық теннисшіден 2,5 миллион доллардан астам қаржыға қалып қойды.
Одан кейінгі орындарға чехиялық Линда Носкова (8 286 284 доллар) мен америкалық Коко Гауфф (7 757 496 доллар) жайғасты. Ал алғашқы ондыққа Джессика Пегула, Элина Свитолина, Каролина Мухова, Марта Костюк және Ига Швентек те енді.
Мұндай қомақты табыс Рыбакинаның кәсіби мансабындағы ең табысты маусымдардың бірімен тұспа-тұс келді. Қазақстандық теннисші 2026 жылы төрт турнирде топ жарып, соның ішінде «Үлкен дулыға» санатындағы Australian Open мен US Open додаларында чемпион атанды.
Әсіресе АҚШ ашық чемпионатындағы жетістігі айрықша мәнге ие болды. Рыбакина ширек финалға жеткен тұста-ақ әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілетініне мерзімінен бұрын кепілдік берді. Кейін шешуші кездесуде Соболенконы жеңіп, Нью-Йорктегі бәсекені чемпиондық атақпен түйіндеді.
Бұдан соң отандасымыз жыл қорытындысы бойынша да әлемнің бірінші ракеткасы атанатынын алдын ала қамтамасыз етті. Енді оның жетістіктер қатарына жүлде қаржысы жөніндегі көшбасшылық қосылып отыр.
Айта кетейік, жарияланған есепке тек ресми турнирлерде берілген сыйақылар енгізілген. Жарнамалық келісімдер мен демеушілік шарттардан түсетін кіріс бұл көрсеткішке кірмейді.