locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Роналду «Реалдың» қатысуымен қоштасу матчын өткізуі мүмкін: не белгілі

Мадридтік «Реал» Криштиану Роналдудың құрметіне ұйымдастырылатын қоштасу матчына қатысуы мүмкін
Футбол
Роналду «Реалдың» қатысуымен қоштасу матчын өткізуі мүмкін: не белгілі
ФОТО: Getty images

Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтағанымен, жанкүйерлер аты аңызға айналған футболшыны алаңнан тағы бір мәрте көруі мүмкін. The Athletic басылымының мәліметінше, 41 жастағы шабуылшының айналасында онымен қоштасудың екі түрлі нұсқасы талқыланып жатыр. Соның біріне мадридтік «Реал» қатысуы ықтимал, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алғашқы жоспар Португалия құрамасына қатысты. Роналду ұлттық командадағы өнерін аяқтағанын жариялағанына қарамастан, елде оның құрметіне арнайы қоштасу матчын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Екінші нұсқа футболшының клубтық мансабымен байланысты. Бұл жолы Криштиану әр жылдары өнер көрсеткен командалардың қатысуымен бөлек кездесу өткізу көзделген. Ықтимал қатысушылар қатарында португалиялық шабуылшы ең үлкен жетістіктеріне қол жеткізген мадридтік «Реал» да аталады.

Дегенмен әзірге бұл бастамалар жоспар күйінде қалып отыр. Қоштасу матчының өтетін күні, орны мен оған қатысатын командалар ресми түрде нақтыланбаған.

Айта кетейік, Роналду 2009–2018 жылдары «Реалдың» намысын қорғады. Тоғыз маусым ішінде 438 ресми матч өткізіп, 451 гол соққан португалиялық футболшы мадридтік клуб тарихындағы үздік сұрмерген атанды.

Осы кезеңде Криштиану «Реалмен» бірге төрт мәрте Чемпиондар лигасын жеңіп, екі рет Испания чемпионы болды. Жалпы мадридтік команда сапында 16 трофей иеленді.

Дәл Мадридте Роналду өз дәуірінің үздік футболшыларының бірі ретіндегі мәртебесін біржола бекітті. Сондықтан испаниялық алпауыттың қоштасу кездесуіне қатысуы футболшының өзі үшін де, жанкүйерлер үшін де айрықша мәнге ие болмақ.

«Реалдан» бөлек, шабуылшы әр жылдары лиссабондық «Спортинг», ағылшындық «Манчестер Юнайтед» және туриндік «Ювентус» клубтарында ойнады. Қазір ол Сауд Арабиясының «Аль-Наср» командасында мансабын жалғастырып жүр.

Алайда The Athletic ықтимал қоштасу шарасына «Реалдан» өзге қандай клубтар қатысуы мүмкін екенін әзірге нақтыламаған.

5 қарашада Криштиану әлеуметтік желіде әсерлі бейнеүндеу жариялап, Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын.

Бұл шешім оның ұлттық команданың бас бапкері Жорже Жезушпен арадағы келіспеушілігінен кейін қабылданды. Дегенмен The Athletic мәліметінше, жаттықтырушы Роналдуды Ұлттар лигасының қараша айындағы матчтарына шақыруды жоспарлаған. Ол шабуылшының құрамадан кететінін бейнеүндеу жарияланғаннан кейін ғана білген.

Португалия футбол федерациясы ұзақ жылдар бойы ұлттық команданың капитаны болған ойыншыны лайықты түрде шығарып салуға дайын екенін жеткізді. Алайда алғашқы құрмет көрсету рәсімі Роналдудың қатысуынсыз өтті.

14 қарашада Данияға қарсы Ұлттар лигасының кездесуі алдында португалиялық футболшылар Криштиануға арналған арнайы жейделермен алаңға шықты. Ойынның жетінші минутында жанкүйерлер аты аңызға айналған шабуылшыға қошемет көрсетті.

Роналдудың өзі бұл матчқа қатысқан жоқ. Ал Португалия құрамасы қарсыласынан 1:4 есебімен жеңілді.

Криштиану ұлттық команда сапындағы алғашқы кездесуін 2003 жылдың тамызында өткізген. Қызығы, оның Португалия құрамасындағы дебюті Қазақстанға қарсы жолдастық матчқа тұспа-тұс келген еді.

23 жыл ішінде Роналду Португалия құрамасы үшін 234 ойын өткізіп, 146 гол соқты. Осылайша ерлер арасындағы халықаралық футболда матч саны мен гол көрсеткіші бойынша әлемдік рекорд орнатты.

Сонымен қатар ол Португалиямен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарды. Ал 2019 және 2025 жылдары Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie