Жұрттың бәрі айтып жүрген Азия ойындарының жеңіл атлеті Ясмина Токсанбаева кім?
Ясмина Токсанбаева - спорттық жүріске маманданған қазақстандық спортшы. 21 жастағы жеңіл атлет 2004 жылғы 16 қарашада дүниеге келген және халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетеді, деп хабарлайды Sports24.kz
Оның негізгі дисциплинасы - 20 шақырымға спорттық жүріс, алайда 2026 жылы ол бұдан да ұзақ қашықтықтарда сынға түсе бастады. Бұл спортшының World Athletics сайтындағы ресми профилінде көрсетілген.
Токсанбаева Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) студенті. Спортпен қатар әлеуметтік желілерді де белсенді жүргізеді.
Алғашқы елеулі нәтижелер
Токсанбаеваның алғашқы ірі жетістіктерінің бірі - 2025 жылғы Азия чемпионатында 20 шақырымға спорттық жүрістен жеңіп алған қола медалі. Гумиде ол 1 сағат 32 минут 22 секунд нәтиже көрсетіп, жеке рекордын жаңартты. Азия чемпионатының ресми хаттамасында спортшы Қытайдың екі өкілінен кейін үшінші орын алды.
2025 жылғы шілдеде Токсанбаева Германияда өткен Дүниежүзілік универсиадаға қатысты. 20 шақырымдық қашықтықта ол 1:30:18 нәтижесімен мәреге алтыншы болып жетті - бұл сол кездегі жеке рекорды еді.
2025 жылғы ақпанда қазақстандық спортшы Түркияда өткен World Athletics Race Walking Tour жарысында 20 шақырымдық қашықтықта 1:33:42 нәтижесімен жеңіске жетті.
2026 жылғы прогресс
2026 жылғы наурызда Токсанбаева Азия чемпионатында 21,0975 шақырымдық спорттық жүрістен күміс медаль жеңіп алды. Жапонияның Номи қаласында ол 1:37:17 нәтижесін көрсетті. Бұл спортшының жартылай марафон қашықтығындағы алғашқы маңызды нәтижесі болды.
Шілде айында Токсанбаева Қытайда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. 20 шақырымдық қашықтықта ол 1:41:26 нәтижесін көрсетті.
World Athletics мәліметінше, Токсанбаеваның 20 шақырымдағы қазіргі жеке рекорды - 2025 жылғы шілдеде орнатқан 1:30:18 нәтижесі. Сонымен қатар оның профилінде 10 шақырымға - 45:53, жартылай марафонға - 1:37:17 жеке рекордтары көрсетілген.
2026 жылғы Азия ойындары
Токсанбаеваның 2026 жылғы басты додасы Айти–Нагоядағы Азия ойындары болды. Қазақстандық спортшы мансабында алғаш рет спорттық жүрістің марафондық қашықтығына - 42,195 шақырымға шықты.
27 қыркүйекте ол 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Қытай өкілі Даньцзэн Цюйцзун иеленді - 3:26:09, үшінші болып қытайлық Ма Ли келді - 3:32:26. Алғашында Токсанбаеваның нәтижесі Қазақстанға Азия ойындарындағы тоғызыншы алтынды әкелді.
Алайда мәреден кейін спортшының аяқ киіміне қатысты мәселе туындады. Жүлдегерлер міндетті тексеруден өткен кезде техникалық делегаттар Токсанбаева пайдаланған аяқ киім үлгісінің World Athletics рұқсат берген тізімде жоқ екенін анықтады. Кейін оның нәтижесі жойылды. Қазақстан ҰОК ықтимал апелляция мәселесі бойынша World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиада кеңесі және Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясымен жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.