Видео: Абылайхан Жұбаназар Лозаннадағы Grand Slam турнирінде алтын иеленді
Қазақстан құрамасының дзюдошысы Абылайхан Жұбаназар Лозаннада өтіп жатқан Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық спортшы 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Финалда ол Өзбекстан өкілі Арсланбек Таджиевпен белдесіп, қарсыласынан басым түсті. Осы жеңістің арқасында Жұбаназар жарысты алтын жүлдемен аяқтады.
Бұған дейін жартылай финалда қазақстандық дзюдошы БАӘ атынан өнер көрсететін Георгий Элбакиевті жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алған еді.
Лозаннадағы жеңіс Жұбаназардың биылғы маусымдағы сәтті нәтижелерінің жалғасы болды. Ақпан айында ол Париждегі Grand Slam додасында қола жүлдеге ие болса, сәуірде Азия чемпионатында үшінші орынға тұрақтады.
Швейцариядағы жарыс басталар алдында қазақстандық спортшы 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің 22-сатысында тұрған.
Лозаннадағы Grand Slam турниріне 70-тен астам елден 500-ден аса дзюдошы қатысып жатыр. Жұбаназардың алтыны Қазақстан құрамасының осы жарыстағы алғашқы жүлдесі болды.