locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Мектеп оқушысындай жеңді»: жанкүйерлер Алмабаевтың RAF-тағы жеңілісіне пікір білдірді

Қазақстандық спортшының жаңа лигадағы дебюті 88 секундта аяқталып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды
Басқа спорт түрлері
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
«Мектеп оқушысындай жеңді»: жанкүйерлер Алмабаевтың RAF-тағы жеңілісіне пікір білдірді
ФОТО: Getty images

Қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың Real American Freestyle лигасындағы дебюттік жеңілісі жанкүйерлер арасында түрлі пікір туғызды. Джонни ДиДжулиуспен өткен белдесуден кейін спорттық парақшалардың астында қатаң сыннан бастап қолдау сөздеріне дейін ондаған пікір жазылды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кливлендте өткен RAF 12 турнирінде Алмабаев алғаш рет кәсіпқой күрес форматында бақ сынады. Оның қарсыласы мансабының басым бөлігін күреске арнаған 34 жастағы америкалық Джонни ДиДжулиус болды.

Белдесу бірінші раундтың 88-секундында аяқталды. Америкалық спортшы жауапсыз он ұпай жинап, техникалық басымдықпен 10:0 есебімен жеңіске жетті.

Кейбір жанкүйерлер мұндай жылдам нәтижені күтпегенін айтып, Алмабаевтың өнеріне қатаң баға берді.

Sports24.kz Асу Алмабаевтың RAF-тағы дебютінен кейінгі ең көп талқыланған пікірлерді жинады.

«0:10. Өте нашар))»

«Мектеп оқушысындай жеңіп кетті. Тіпті не болғанын түсінбей қалдым».

«Не күтті өзі?»

«Осындай дайындықпен UFC-дегі келесі жекпе-жегінде де жеңіліп қалуға болады».

Кейбір қолданушылар қазақстандық спортшының өнерін сәтсіз деп қысқа ғана бағалаумен шектелді.

Дегенмен жанкүйерлердің бір бөлігі Алмабаевты қорғап, RAF ережесі бойынша өткен белдесуді UFC-дегі жекпе-жектермен салыстыру дұрыс емес екенін атап өтті. Олардың пікірінше, таза күрестен мол тәжірибесі бар ДиДжулиус өзіне әлдеқайда таныс форматта өнер көрсетті.

«Әркім өз саласында мықты. Егер бұл ММА болса, Асу өзі-ақ онымен есептесер еді. Қарсыласы - таза балуан. Артық сөздің қажеті жоқ».

Тағы бір жанкүйер бір ғана жеңілістен кейін үлкен қорытынды жасауға асықпау керектігін жазды:

«Ол кәсіпқой балуан, бұл қалыпты жағдай. Жаман сөз жазудың қажеті жоқ. Асу үшін ең маңыздысы - UFC. Мұндай тәжірибе оның ары қарай дамуына ғана көмектеседі».

Жеңілісті октагондағы алдағы кездесулер алдындағы қосымша тәжірибе деп қабылдағандар да табылды.

«Жай ғана жаттығу. Мұндай тәжірибе де керек, бұдан тек күшейе түседі».

«Асу келесі жолы жеңеді! Әлі UFC чемпионы болады!»

«Білдіртпей бір рет теуіп жіберуге болмай ма еді?»

Алмабаев үшін бұл Real American Freestyle лигасындағы алғашқы белдесу болды. ММА-дан айырмашылығы, RAF-та соққы техникасы қолданылмайды. Спортшылар күреске, қарсыласты бақылауға және партердегі әрекеттерге толық мән береді.

Қазақстандық спортшы UFC-дегі мансабын жалғастырып жатыр. Бұған дейінгі октагондағы кездесуінде Алмабаев америкалық Чарльз Джонсонды мерзімінен бұрын жеңген еді. Үшінші раундта Асу өте сирек кездесетін ауырту әдісі - «Сулоев созбасын» сәтті қолданып, UFC тарихында осы тәсілмен жеңіске жеткен төртінші файтер атанды.

Сондықтан жанкүйерлердің бір бөлігі Кливлендтегі жеңілісті Алмабаевтың ММА-дегі мүмкіндігін көрсететін нәтиже емес, оған бейтаныс форматтағы жаңа тәжірибе ретінде қабылдауға шақырды.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie