FIDE әлемдік рейтингті жаңартты: Бибісара Асаубаева нешінші орында?
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемнің үздік спортшыларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) 1 тамызда жариялаған жаңартылған рейтингте 22 жастағы гроссмейстер бесінші орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл – Асаубаеваның қатарынан екінші рейтинг жаңартуында әлемнің үздік бестігіндегі орнын сақтап қалуы. 2538 рейтингтік ұпай жинаған қазақстандық шахматшы әзірге мансабындағы ең жоғары нәтижесін ұстап тұр. Сондай-ақ ол әлемнің үздік бес шахматшысының арасындағы Қытайдан тыс жалғыз өкіл болып қала береді.
Әлемдік рейтингтің көшін 2596 ұпаймен Хоу Ифань бастап тұр. Одан кейін Лэй Тинцзе (2561), қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь (2553) және Чжу Цзиньэр (2550) орналасқан. Ал Бибісара Асаубаева 2538 ұпаймен алғашқы бестікті түйіндейді.
Қазақстандық шахматшыны төртінші орыннан небәрі 12 рейтингтік ұпай ғана бөліп тұр. Ал рейтинг көшбасшысынан арадағы айырмашылық – 58 ұпай.
Соңғы айларда Асаубаева әлемдік рейтингтегі орнын айтарлықтай жақсартты. Жыл басында ол 2497 ұпаймен 11-орында болса, жеті ай ішінде 41 ұпай қосып, бірден алты саты жоғары көтерілді.
Биылғы маусымдағы ең ірі жетістіктерінің қатарында Кипрде өткен 2026 жылғы үміткерлер турниріндегі күміс жүлде мен беделді Norway Chess Women турниріндегі жеңісі бар. Дәл осы Норвегиядағы жеңістен кейін Бибісара алғаш рет әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына еніп, қазір сол орнын сақтап отыр.
Бибісара Асаубаевамен қатар Қазақстанның өзге шахматшылары да әлемдік рейтингтерде жоғары орындарды иеленуде. FIDE-нің жаңартылған жасөспірімдер рейтингінде Алуа Нұрман 2442 ұпаймен үшінші орнын сақтап қалды.
Әлемнің ең үздік 100 жасөспірім шахматшысының қатарына Қазақстанның бес өкілі енді. Амина Қайырбекова 2353 ұпаймен 13-орында тұр. Эльназ Қалиахмет 2304 ұпаймен 22-орынға жайғасса, Зарина Нұрғалиева 2302 ұпаймен 23-сатыда орналасқан.