Қазақстан велоспорт федерациясы Үндістандағы Мақсат Аязбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан велоспорт федерациясы бұрынғы кәсіби велошабандоз әрі жаттықтырушы Мақсат Аязбаевқа қатысты тараған ақпаратқа байланысты ресми мәлімдеме жасады. Үндістанда 34 жастағы маманға қатысты тергеу жүргізіліп, жергілікті полиция оны іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Үндістандық БАҚ мәліметінше, қылмыстық іс кәмелетке толмаған спортшының арызына байланысты қозғалған. Полиция дерегіне сүйенген жергілікті басылымдар болжамды оқиға Патиаладағы Ұлттық спорт шеберлігі орталығындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде болғанын хабарлайды. Іс Үндістандағы балаларды жыныстық сипаттағы қылмыстардан қорғау туралы POCSO заңы аясында тергеліп жатыр.
Жергілікті полиция әзірге Аязбаевтың нақты орналасқан жерін анықтай алмағанын хабарлады. Оның паспорты тәркіленіп, елден шығуына шектеу қойылған. Маманды іздеуге екі арнайы топ жұмылдырылған.
Бұған дейін Аязбаев Үндістан құрамасымен бірге Жапониядағы Азия ойындарына аттануы тиіс болған. Алайда тергеу басталғаннан кейін сапарға берілген рұқсат кері қайтарылып, Үндістан велоспорт федерациясы оны қызметінен уақытша шеттеткен.
Осы ақпараттардан кейін Қазақстан велоспорт федерациясы Аязбаевтың соңғы жылдары елден тыс жерде, Үндістан тарапымен жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істегенін нақтылады.
«Қазіргі уақытта Мақсат Аязбаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына ешқандай қатысы жоқ», - делінген федерация мәлімдемесінде.
Ұйым сондай-ақ БАҚ-та айтылып жатқан оқиғалар оның Үндістан құрамасында жұмыс істеген кезеңіне қатысты екенін атап өтті. Қазақстан тарапы ресми тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
«Ресми тергеу аяқталып, істің барлық мән-жайы анықталғанға дейін алдын ала қорытынды жасап, баға бермеу дұрыс деп санаймыз», - деп мәлімдеді федерация.
Жағдайға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар Аязбаевтың туыстарымен байланыста және оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Іс СІМ бақылауында.
Мақсат Аязбаев бұған дейін кәсіби шосселік велоспортта өнер көрсеткен. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушылық қызметке ауысып, соңғы жылдары Үндістан құрамасымен жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Аязбаевтың кінәсі сот арқылы анықталған жоқ. Іске қатысты түпкілікті қорытынды тек ресми тергеу мен сот процесі аяқталғаннан кейін жасалмақ.