locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Жеңісті тартып алды»: жанкүйерлер Нұрбек Оралбайдың Азиада-2026-дан ұшып кетуіне қызу реакция білдірді

Нұрбек Оралбай әлем чемпионы Тұрабек Хабибуллаевқа 2:3 есебімен есе жіберіп, Азиада-2026 жүлдесінен қағылды
«Жеңісті тартып алды»: жанкүйерлер Нұрбек Оралбайдың Азиада-2026-дан ұшып кетуіне қызу реакция білдірді
ФОТО: olympic.kz

Нұрбек Оралбайдың Азиада-2026 ширек финалындағы жеңілісі қазақстандық бокс жанкүйерлері арасында күннің ең көп талқыланған тақырыптарының біріне айналды. Көпшілік төрешілер шешімімен келіспей, Олимпиада жүлдегері жартылай финалға шығуға лайық өнер көрсетті деп есептеді. Ал енді бір бөлігі қарсыластың басымдығын мойындады.

90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Оралбай Өзбекстан өкілі Тұрабек Хабибуллаевпен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бөлек шешімімен өзбек боксшысы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Нұрбек Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады.

Sports24.kz жекпе-жек туралы жарияланымдардың астындағы жанкүйерлер пікірлерін жинады. Пікірлердің басым бөлігінде қазақстандық боксшыға қолдау білдірілген.

«Нұрбек біз үшін чемпион», - деп жазды қолданушылардың бірі.

Кейбір жанкүйерлер жекпе-жекті раунд бойынша талдап, келесі кезеңге дәл Оралбай өтуі керек еді деген пікір білдірді.

«1-раунд - 2:3 өзбектің пайдасына. 2-раунд - 3:2 қазақтың пайдасына. 3-раунд - 3:2 қазақтың пайдасына, тіпті 5:0 болуы керек еді», - делінген пікірлердің бірінде.

Тағы бір жанкүйер қазақстандық боксшының жекпе-жектің екінші бөлігіндегі өнеріне назар аударды:

«Бірінші раундты Тұрабек алған шығар - кем дегенде 3:2. Екінші раундты Нұрбек 4:1 есебімен алды. Үшінші раунд - 2:3. Нұрбек жеңуі керек еді».

ФОТО: olympic.kz

Кейбір көрермендер қарсыластың белсенділігіне емес, Оралбай соққыларының дәлдігіне мән берген.

«Мұқият қарасаңыздар, Нұрбектің соққылары дәлірек болды».

«Нұрбек бір бас жоғары болды! Оны жеңілді деуге келмейді», - деп жазды тағы бір қолданушы.

Ең қызу пікірталас төрешілікке қатысты болды. Қазақстан құрамасының кейбір жанкүйерлері Өзбекстан боксшыларымен өтетін кездесулердегі мұндай шешімдер жиілеп бара жатқанын алға тартты.

«Төрешілер шаршатты. Біздің боксшылар өзбекпен шықса, өзбек басым бола ма деп емес, төреші жеңісті бермей қоя ма деп қорқамыз. Бұл бұрыннан келе жатқан жағдай. Таза жеңу үшін нокаутпен құлату керек дейді. Бірақ қарсылас оңай құлай салмайды ғой. Бастысы, жеңіп тұрсаң да, жеңісті бермей тұр. Әуесқой бокстан қызық кетті», - деп жазды жанкүйерлердің бірі.

ФОТО: olympic.kz

Қысқа пікірлер де аз болған жоқ:

«Жеңісті тартып алды», «Нұрбек жеңілген жоқ», «Нұрбек бұдан да мықты болып оралады» және «Нокаутпен ұту керек еді».

Алайда төрешілерді сынаған пікірлермен бәрі бірдей келісе қойған жоқ. Кейбір жанкүйерлер Хабибуллаевтың жеңісін заңды деп санады.

«Сендер үнемі төрешілерді кінәлайсыңдар. Бұл жекпе-жекте бірінші және үшінші раундты Тұрабек 100 пайыз алды: ол белсендірек, дәлірек болды және көбірек соққы жасады. Нұрбек жаман боксшы емес, бірақ бүгін жеңіске жету үшін сәл жетпей қалды. Мұндай жоғары деңгейде бір-екі соққы бәрін шешеді», - деп жазды қолданушылардың бірі.

Басқалары бір жеңілістен кейін асығыс қорытынды жасамауға шақырып, Оралбайдың жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүргенін еске салды.

«Жаңа салмақ дәрежесі. Мен бокс маманы емеспін, бірақ Нұрбек өте лайықты өнер көрсетті. Арыстандай айқасты. Алда жаңа салмақта әлем чемпионаты бар. Әлі талай медаль болады. Сенемін», - деп жазды жанкүйерлердің бірі.

Еске салайық, Оралбай биылғы Азиаданы Ауғанстан өкілі Силаб Нуриді 5:0 есебімен сенімді жеңуден бастаған еді. Қазақстандық боксшы - Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2023 жылғы әлем чемпионы. Ал оның қарсыласы Хабибуллаев 2024 жылы Азия чемпионы атанып, 2025 жылы әлем чемпионатын жеңіп алған.

Нәтижесінде Хабибуллаев жүлде жолындағы күресін жалғастырса, Нұрбек Оралбай үшін Азиада-2026 ширек финалда аяқталды. Ал төрешілер шешімі қазақстандық жанкүйерлер арасында қызу талқыға ұласты.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie