СІМ Үндістанда қазақстандық спортшының қыз зорлады деген айыпқа қатысты пікір білдірді
Үндістан полициясы 34 жастағы қазақстандық Максат Аязбаевты іздестіріп жатыр. Ол бұрын кәсіпқой велошабандоз болған және Үндістан құрамасында жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Кәмелетке толмаған спортшы қыз оны зорлады деп айыптаған, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Министрлік Үндістандағы ҚР азаматына қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстандық дипломаттар аталған азаматтың туыстарымен байланыста. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Министрлік бұл мәселені бақылауда ұстап отыр», – деп мәлімдеді СІМ.
Не болды
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы Нетаджи Субхас атындағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған.
Спортшы қыз 18 қыркүйекте полицияға жүгінген. Оның арызынан кейін Үндістан Қылмыстық кодексінің баптары және кәмелетке толмағандарды сексуалдық сипаттағы қылмыстардан қорғайтын POCSO заңы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қазақстан азаматын іздеу үшін бірнеше полиция тобы құрылды. Құқық қорғау органдарына жаттықтырушы қылмыстан кейін Делидегі жаттығу лагерлерінің бірінде болғаны туралы ақпарат түскен. Алайда ол ізін суытқан», – деп жазады The Times of India.
Қазақстан азаматының паспорты полицияда екені хабарланды. Оған қатысты Look Out Circular құжаты да шығарылған. Бұл шекара және көші-қон қызметтеріне арналған ескерту болып табылады және оның Үндістаннан шығып кетуіне жол бермеуді көздейді.
Жаттықтырушы Азия ойындарына бармады
Максат Аязбаев Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруы тиіс болған. Айыптаулар пайда болғаннан кейін оның сапарына берілген рұқсаттың күші жойылды.
Үндістан велоспорт федерациясы қазақстандық маманды қызметінен шеттетіп, істі өзінің ішкі комиссиясына тапсырды. Кәмелетке толмаған спортшы қыз медициналық тексеруден өтіп, оған психологиялық және заң көмегі көрсетілді.
Максат Аязбаев бұған дейін Қазақстан атынан кәсіпқой тасжол велоспортында өнер көрсеткен.