Қазақстан құрамасының бас бапкері маусымды бағалап, келесі жылға жоспарларымен бөлісті
Қазақстанның еркін күрес құрамасының бас бапкері Данияр Қайсанов ұлттық құраманың 2026 жылғы маусымдағы нәтижелерін бағалады. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында маман жылдың басты турнирлеріндегі өнер, команданың түйткілдері және алдағы жарыстарға дайындық туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қойылған міндеттер орындалғанына қарамастан, Қайсанов өткен маусымды орташа деп бағалады. Жапонияда өткен Азия ойындарында қазақстандық балуандар үш қола медаль жеңіп алса, Астанада өз жерімізде өткен әлем чемпионатында құрама бір күміс медаль иеленді.
«Жалпы, алдымызға қойған мақсаттарға жеттік деп есептеймін. Маусымның өзін орташа деп бағалар едім. Жылдың екі басты жарысында да жүлде алдық», - деді бас бапкер.

Астанадағы әлем чемпионаты
Әлем біріншілігінде Қазақстанның еркін күрес шеберлеріне жалғыз жүлдені 74 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанған Нұрқожа Қайпанов әкелді. Қайсановтың айтуынша, бұл — тарихи нәтиже, өйткені бұған дейін Қазақстан осы олимпиадалық салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алмаған.
Сонымен бірге бапкер команданың бұдан да сәтті өнер көрсетуіне үміт артқанын мойындады. Оның пікірінше, қазақстандық балуандар төрт медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
«Дегенмен құраманың жалпы өнеріне толық көңілім толды деп айта алмаймын. Өйткені бір ғана медаль жеңіп алдық. Оның үстіне әлем чемпионаты өз үйімізде өтті. Қазақстандық жанкүйерлер алдында күресу спортшыларымызға оңай болған жоқ», - деді Қайсанов.
Маман Мейрамбек Қартбай мен Асыл Айтақынның өнеріне де жеке тоқталды. Біріншісі белдесудің соңғы секундтарында жеңісті уысынан шығарып алса, екіншісі қола медальға бір қадам қалғанда сүрінді.

Қазақстан құрамасының 2027 жылға арналған жоспары
Ұлттық құраманың жақын резерві туралы сөз қозғаған Қайсанов кейбір салмақ дәрежелерінде құрамдағы орынға үш-төрт спортшының таласып жатқанын атап өтті. Жас балуандарға да өздерін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Бапкер құраманың болашағынан үміт күттіретін өкілдерінің бірі ретінде 125 келіге дейінгі салмақта Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алған 19 жастағы Едіге Қасымбекті атады.
Келесі маусымдағы басты жарыстар Азия чемпионаты мен әлем чемпионатына іріктеу турнирі болады. Сонымен бірге құрама рейтингтік турнирлерге ерекше көңіл бөледі, өйткені олардың олимпиадалық жолдамалар үшін күрестегі маңызы арта түседі.
«Бұрын мұндай жарыстарда бір салмақ дәрежесінде үш балуан күресе алатын, ал енді тек екі спортшыға ғана рұқсат етіледі. Олимпиадалық жолдамаларды алу үшін осы турнирлерде ұпай жинау қажет. Сондықтан келесі маусымда бәсеке бұрынғыдан да күшейеді», — деп түсіндірді Қайсанов.
2027 жылы рейтингтік маңызы бар үш турнир жоспарланған. Біріншісі ақпанда Загребте (Хорватия), екіншісі Коралвиллде (АҚШ) өтсе, үшіншісін Ұлан-Батыр (Моңғолия) қабылдайды.